"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Спорт

ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР ӨЗАРА СЫНҒА ТҮСТІ

Хромтауда ерлер арасында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша облыстық чемпионат өтті.

Жарысқа облыс аумағынан 147 адам қатысты. Чемпионат екі күнге созылды. Өрт сөндіру және құтқару саласындағы қызметкерлер үш түрлі спорттық жарыста өз шеберліктерін сынға салды. Ол — 100 метрлік кедергі жолағынан өту, өрт эстафетасы және жауынгерлік қанат жаю.

Чемпионаттың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Сәндібек Жаконов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт-сөндіру қызметінің бастығы Асылбек Садуов, сала ардагерлері — Бегіндік Айтқұлов, Сайран Сансызбаев және қала тұрғындары қатысты.

—  Чемпионат — кәсіби дағдыларды арттыруға, тәжірибе алмасуға және жаңа жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Сіздердің әрқайсыңыздың біліктілігіңіз бен дағдыларыңыз біз үшін өте құнды. Өңіріміздің қауіпсіздігі мен тұрғындардың тыныштығын сақтауда сіздердің еңбектеріңіз зор, — деді С.Жаконов.

Сайыстың алғашқы күні жарыстар 100 метрлік кедергі жолағынан өту және өрт эстафетасы сияқты спорт түрлері бойынша өткізілді. Бұл сайыстарда қатысушылар өрт сөндіру шеберліктерін, физикалық дайындықтарын және жылдамдықтарын көрсетті.

100 метрлік кедергі жолағынан өту спорты бойынша 1-ші орынды №3 өрт сөндіру бөлімі (ӨСБ) қызметкері Төрежан Бақтығалиев иеленсе, 2-ші орынды №16 ӨСБ қызметкері Шахим Ержігіт алды. Ал 3-ші орынды №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі қызметкері Қаршыға Рахат жеңіп алды.

Өрт эстафетасы спорты бойынша үздік үштікке №4 және №22 өрт сөндіру бөлімінен келген командалар мен №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командалары енді.

Чемпионаттың екінші күні жауынгерлік қанат жаю бойынша жарыстар өткізілді. Бұл сайыста қатысушылар өрт сөндіру жабдықтарын дұрыс қолдану және шлангтарды жылдам жаю сияқты тапсырмаларды орындады.

Жауынгерлік қанат жаю бойынша №4 ӨСБ командасы бірінші орынды, №8 ӨСБ командасы екінші орынды, №16 ӨСБ командасы үшінші орынды жеңіп алды. Жалпы командалық есепте №4 ӨСБ командасы топ жарып, жеңімпаз атанды.

Барлық кезеңдер бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл чемпионат өрт сөндірушілердің кәсіби дағдыларын арттыруға және командалық рухты нығайтуға зор ықпал етті. Қатысушылар өздерінің шеберліктерін, физикалық дайындығын және ерік-жігерін көрсетті. Мұндай жарыстар өрт сөндірушілердің тәжірибесін арттыруға және төтенше жағдайларға дайын болуға үлкен септігін тигізетіні анық.

Толғанай ЕСБОЛСЫНҚЫЗЫ

ПІКІР ЖАЗУ