ӨНДІРІС ЖОЛЫНДАҒЫ ҚАДАМ
Шахматта әр жүріс алдын ала есептеледі. Өндірісте де солай. Бүгінгі бір шешім айлар өткен соң ғана нәтижесін беруі мүмкін. Ал сол шешімнің дұрыс-бұрысын таразыға салып, жүз ойланып, мың толғанатын мамандардың бірі — Дөң тау-кен байыту комбинатының учаскелік маркшейдері Ерасыл Қадыржанов.
Таңғы 07:45-те өндірістік аумақта жаңа ауысым басталады. Техника гүрілдеп іске қосылып, байланыс тексеріледі. Маркшейдерлер бөлмесіндегі тіршілік те біртіндеп қыза түседі, экрандар жарқылдап, жұмысқа кіріседі. Ерасыл үшін бұл — күн сайын қайталанатын, бірақ маңызын еш жоймайтын жауапкершіліктің кезекті сатысы.
Маркшейдерлік қызметте «шамамен» деген ұғым жоқ. Кен өндіру бағытын айқындап, жерасты қазбаларының дұрыс жүргізілуін қадағалайтын мамандарға қателесуге болмайды. Мұнда әрбір өлшеу, әрбір белгі, әрбір сызық нақты есепке негізделеді. Ерасыл мұны жақсы түсінеді.
— Бұл мамандықта ең бастысы — мұқияттылық пен дәлдік керек, – дейді ол.
Ерасылдың жұмыс күні кейде жер астында, кейде компьютер алдында өтеді. Бағыт беру, өлшеу, сызба жасау, деректерді арнайы бағдарламаларда өңдеу — маркшейдердің күнделікті тыныс-тіршілігі. Тахеометр, нивелир, жоспарлар мен планшеттер… Барлығы бір жүйеге бағынған.
Мамандықтың мәнін ашқан тәжірибе
Ерасыл Хромтау қаласындағы №6 гимназияда білім алған. Мектепте логикаға негізделген пәндерге бейім болды. Алайда болашақ мамандықты таңдаған сәтте нақты жоспары болмағанын жасырмайды.
Рудный индустриялық университетіне «Тау-кен ісі» мамандығына грантқа түсуі — сол сәттегі мүмкіндік қана еді. Бастапқыда бұл салаға бейтарап қарап, тіпті өндірісте жұмыс істемеймін деген ой да қылаң берген. Алайда өндірістік тәжірибе бәрін өзгертті. Шахтаның тынысы, жауапкершілік жүгі, еңбек адамдарының бейнесі — осының бәрі мамандықтың шынайы болмысын ашқандай болды.
— Университет пен тәжірибенің арасы жер мен көктей екенін сол кезде түсіндім. Жұмыста бәрі басқаша. Қандай міндет атқарып, қандай жауапкершілік арқалайтыныңды жан-тәніңмен сезінесің, — дейді учаскелік маркшейдер.
Еңбек жолын маркшейдерлік жұмыстардағы тау-кен жұмысшысы болып бастаған жас маманға алғашқы айлар оңай соқпады. Осы кезеңде жетекшісі Райхан Байсаринованың қолдауы қанат бітірді.
— «Уайымдама, бәрін үйретемін» деген сөзі әлі күнге дейін есімде. Зейнетте болса да, қазір де ақыл-кеңес сұрап хабарласып тұрамын, — дейді ол.
Ұстаз сенімі ақталды. Бір жылдан астам уақыттан соң Ерасыл учаскелік маркшейдер лауазымына тағайындалды.
Бұл — сабыр мен есепті талап ететін жұмыс. Ерасыл бала күнінен тоғызқұмалақ пен шахматқа әуес болған. Бұл ойындар оны шыдамдылыққа, логикалық ойлауға және алдағы қадамдарды болжауға баулыды. Бүгінде осы қасиеттер кәсіби қызметінде таптырмас құралға айналды.
Айта кетейік, Ерасыл тоғызқұмалақтан облыстық және республикалық жарыстардың жеңімпазы.
Кәсіби шыңдалу жолы
ERG Skills байқауына да Ерасыл Қадыржанов осы жауапкершілікпен келді. «Маркшейдерлік іс және геодезия» құзыреттілігі бойынша Хромтау қаласында өткен өңірлік кезеңде жеңімпаз атанып, республикалық сайысқа жолдама алды. Ал Ақсуда өткен «ERG Skills International – 2025» халықаралық жарысында топ жарып, бірінші орынды иеленді.
Алда — Қытайда өтетін дүбірлі дода. Бұл да оның кәсіби жолындағы маңызды белестердің бірі болмақ.
Ерасыл болашағын ERG компаниясымен байланыстырады. Қазіргі мақсаты — біліктілігін шыңдап, өз ісінің һас шебері атану.
Егер өмірін шахмат партиясына теңесе, ол ойынның әлі басында екенін айтады. Алда шешуші жүрістер, маңызды шешімдер мен үлкен тәжірибе күтіп тұр. Өзін шахматтағы піл тасына ұқсатады. «Себебі ол өзгеше ойлайды, оның жүрістерін алдын ала болжау оңай емес», — дейді Ерасыл.
Шахмат дебюті секілді, оның кәсіби жолы да енді қарқын алып келеді. Ал бұл жолда бір қадам алға ойлау — Ерасылдың басты қаруы.
Еламан МАРАТ.
