АУЫЛДАРДА ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛАДЫ
Хромтау аудандық электр желілері учаскесі — «Энергосистема» ЖШС мекемесі теңгерімінде тұрған электр желілері мен қосалқы станциялардың жағдайы, сондай-ақ атқарылған және жоспарланған жөндеу жұмыстары турасында брифинг өтті.
Бүгінгі таңда Хромтау электр желілері учаскесі балансында әртүрлі кернеу класындағы әуе және кабель желілері, қосалқы станциялар бар. Атап айтқанда, 10 кВ әуе желілерінің жалпы ұзындығы 241 шақырымды, 6 кВ әуе желілері 29,14 шақырымды, ал 0,4 кВ әуе желілері 193,58 шақырымды құрайды. Сонымен қатар 6 кВ кабель желілері 14,32 шақырым, 0,4 кВ кабель желілері 18,92 шақырым болып отыр. Электр энергиясын тарату және қамтамасыз ету мақсатында 110/35/10/6 кВ кернеулі екі қосалқы станция, 110/6 кВ бір қосалқы станция, 35/10 кВ кернеулі он бір қосалқы станция және 35/0,4 кВ екі қосалқы станция жұмыс істейді. Бұған қоса, 10/0,4 кВ кернеулі 131 комплектілі трансформаторлық қосалқы станция және бір 10 кВ тарату пункті бар.
Брифинг барысында Хромтау аудандық электр желілер учаскесі бастығының міндетін атқарушы Тимур Мыңбаев өткен жылы атқарылған күрделі жөндеу жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, былтыр Аққұдық ауылындағы 10 кВ әуе желілерінде, сондай-ақ Бөгетсай ауылындағы 0,4 кВ желіде тіректер мен сымдар толықтай ауыстырылған. Сонымен қатар Табантал ауылындағы Құрылыс бөлімі аумағында, Хромтау қаласындағы Алтынсарин көшесінде және Қызылсу ауылының орталық қонысында орналасқан трансформаторлық қосалқы станцияларда да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Тимур Мыңбаевтың айтуынша, осы жылға арналған жоспарға сәйкес, бірнеше елді мекенде электр желілерін жаңарту көзделіп отыр. Атап айтқанда, Ақжар ауылындағы «Бригада-2» деп аталатын 10 кВ әуе желісінде және осы ауылдағы 0,4 кВ желіде, Хромтау қаласындағы «Маслозавод» 6 кВ желісінде, Қарлау кентіндегі 0,4 кВ «Қарлау» желісінде және Қызылсу кентіндегі 0,4 кВ желілерінде тіректер мен сымдарды ауыстыру жұмыстары жүргізілмек. Сонымен бірге, 2025 жылы Хромтау қаласындағы «Аурухана» деп аталатын 0,4 кВ әуе желісінде, атап айтқанда Рысқұлбеков, Қонаев және Қазақстан көшелерінде жарықтары бар ескі тіректер ауыстырылғаны хабарланды. Алдағы уақытта Бөгетсай ауылында, сондай-ақ Хромтау қаласындағы «Миллионный» және «Маслозавод» атауымен белгілі 6 кВ әуе желілерінде тіректерді кезең-кезеңімен ауыстыру жоспарланып отыр. Кәсіпорын өкілі бұл жұмыстардың барлығы электр желілерінің сенімділігін арттыруға, апаттық жағдайлардың алдын алуға және тұрғындарды тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.
Ләззат Әбдірова
Алдыңғы
