ЖЕЛІЛЕРДІ ЖАҢАРТУ ЖҰМЫСЫ ЖАЛҒАСАДЫ
Ағымдағы жылы да «ХромтауТрансЭнерго» ЖШС Хромтау қаласының инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарын жалғастырады. Аталған кәсіпорынның басшысы Мирхан Бикиевпен болған сұхбат осы және өзге де мәселелер төңірегінде өрбіді.
— Биыл Хромтау қаласында инженерлік желілерді жаңғырту бағытында қандай жұмыстар жоспарланып отыр?
— Ағымдағы жылы да «ХромтауТрансЭнерго» серіктестігі Хромтау қаласының инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарын жалғастырады. Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында инженерлік желілерді жөндеуге шамамен 1 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаражат есебінен су құбырлары мен жылу желілерінің бірнеше шақырымы жаңартылып, тозығы жеткен учаскелер кезең-кезеңімен ауыстырылады. Сонымен қатар апаттық жағдайлардың алдын алу үшін ағымдағы жөндеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.
— Кәсіпорын үшін басты басымдықтар қандай?
— Біздің басты міндетіміз — көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, тұрғындардан түсетін шағымдарды азайту және коммуналдық жүйелердің сенімді жұмысын қамтамасыз ету. Әсіресе, жылу беру маусымының басында жиі кездесетін ыстық судың лайлануы мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырмыз. Осыған байланысты тұрғындарға үйлеріндегі ішкі жылу жүйелерін алдын ала жуып-тазалауды ұсынамыз.
— Көпқабатты үйлерді басқару мәселесіне қатысты не айтасыз?
— Бұл өте өзекті мәселе. Көпқабатты тұрғын үйлерде меншік иелері бірлестігін (МИБ) немесе басқарушы компания құру коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға және апаттық жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл тетік өз тиімділігін көрсетіп отыр.
— «ХромтауТрансЭнерго» бұл желілерді қашан өз теңгеріміне алды?
— 2024 жылдың қарашасында өткен сату нәтижесінде біз «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамынан Хромтау қаласының тұрғындарына қызмет көрсететін инженерлік желілерді сатып алдық. Қазіргі таңда серіктестік теңгерімінде 42,6 шақырым су желісі, 40,9 шақырым жылу желісі, 49,3 шақырым кәріз жүйесі және 23 шақырым жасыл желектерді суару желісі бар. Алдағы уақытта бұл инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңғыртылады.
— Тарифтер туралы айтып өтсеңіз.
— 2025 жылы сумен, жылумен жабдықтау, су бұру және жасыл желектерді суару қызметтеріне арналған тарифтер Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бұйрықтарымен бекітілді. Ауыз су бойынша орташа тариф — 1 текше метр үшін 120,69 теңге. Халық үшін — 105,14 теңге, бюджеттік ұйымдар үшін — 168,59 теңге, өзге тұтынушылар үшін — 146,36 теңге. Есептегіш құралдары жоқ тұрғындар үшін бір адамға ай сайынғы суық су ақысы 717,56 теңге болып белгіленді. Сонымен қатар жылумен жабдықтау бойынша орташа тариф 1 гигакалория үшін 4 842,08 теңге, ал тұрғындар үшін — 4 203,69 теңге. Үйде ортақ жылу есептегіші бар жағдайда тариф төмен, ал есептегішсіз үйлерде жоғары болады.
— Қазіргі таңда кәсіпорын қанша абонентке қызмет көрсетіп отыр?
— Бүгінде біздің коммуналдық қызметтерімізді 8 694 абонент пайдаланып отыр. Оның ішінде 125 көпқабатты тұрғын үй орталық жылу, су және кәріз жүйесіне қосылған. Жеке секторда 2 264 үй тіркелген. Олардың бір бөлігі орталық су жүйесіне, бір бөлігі колонка арқылы су алады.
— Дебиторлық берешек мәселесі қалай шешілуде?
— Жыл басындағы дебиторлық берешек 253,4 миллион теңгені құрады. Қазіргі таңда төлем жинау деңгейі 96,1 пайыз. Мерзімі өткен қарыз көлемі — 80,4 миллион теңге, оның басым бөлігі тұрғындарға тиесілі. Қарызы бар абоненттерге хабарламалар жіберіліп жатыр. Міндеттемелер орындалмаған жағдайда қарыз сот тәртібімен өндірілетін болады.
— Былтыр атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз.
— Өткен жылы инженерлік желілерді жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Облыс әкімдігі мен ERG компаниясы арасындағы меморандум аясында 700 миллион теңге бөлініп, 7,5 шақырым су құбыры мен 3,7 шақырым жылу желісі жаңартылды. Сонымен қатар серіктестік өз қаражаты есебінен жылу желілерінің бір бөлігін ауыстырып, 30 дана ысырма орнатты.
— Рахмет!
Ләззат Әбдірова
