ТИІМДІ БАСҚАРУ ТӘЖІРИБЕСІ
Құрылтай барысында өзекті мәселелер көтерілді. Соның ішінде екі маңызды мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Оның біріншісі — бір палаталы парламентке көшу, ал екіншісі — жаңа Конституция қабылдау немесе қолданыстағы Конституцияға түбегейлі өзгерістер енгізу. Бұл мәселелер қоғамда көптен бері талқыланып келеді. Президенттің өзі де бір палаталы парламентке өтудің маңыздылығын бұған дейін бірнеше рет атап өткен болатын.
Бұл бастамалардың күн тәртібіне қайта шығуы қоғамдағы сұраныстың айқын көрінісі деп ойлаймын. Бір палаталы парламент унитарлы мемлекет үшін басқару үдерісін жеңілдетіп, заң қабылдау тетіктерін жеделдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жүйе мемлекеттік шешімдер қабылдауда жауапкершілікті нақтылап, билік пен қоғам арасындағы байланысты күшейте алады.
Ал Конституция мәселесіне келсек, бұл — елдің болашағына тікелей әсер ететін аса маңызды қадам. Қолданыстағы Конституция белгілі бір тарихи кезеңнің талаптарына сай қабылданды, ал қазіргі қоғамдық-саяси ахуал, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктеріне деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Сондықтан Негізгі заңды жаңарту немесе оған елеулі түзетулер енгізу арқылы сайлау жүйесінің әділдігі мен ашықтығын, билік тармақтарының теңгерімін және азаматтық бақылау тетіктерін Конституция деңгейінде нақты бекіту қажет. Мұндай өзгерістер қоғамдағы сенімді арттырып, демократиялық құндылықтардың нығаюына, сондай-ақ жауапты әрі белсенді азаматтық ұстанымның қалыптасуына жол ашады.
Рүстем Шакизаев
«AMANAT» партиясы аудандық филиалдың атқарушы хатшысы
