
Ақын Мұқағали Мақатевтың туғанына 95 жыл толуына орай аудандық мәдениет орталығында «Ғашықпын» мюзиклі қойылды.
Сахна шымылдығы ашылған сәттен-ақ көрермен өзін ерекше поэзиялық әлемге енгендей сезінді. Әуеде қалықтағандай әсер қалдырған жыр жазылған кітап парақтары мен нәзік гүлдер кеңістікті сыр мен сезімге толтырып, қойылымның алғашқы минутынан-ақ жүрекке жол тапты. Жарық сәулесі әр параққа түскен сайын, ақын жырлары тіріліп, көрерменмен тілдескендей күй кештірді. Осындай көркем шешіммен басталған «Ғашықпын» мюзиклі әсерлі атмосферасымен залды бірден баурап алды.
Бұл қойылым — рухани әлемді байытқан айтулы мәдени оқиға болды. Мюзикл желісі ақын шығармашылығындағы махаббат тақырыбы мен адам жанының терең иірімдерін сахналық тіл арқылы көркем жеткізуді мақсат еткен.
Қойылым барысында сахна төріне шыққан жастар ақын жырларын тебіреніспен оқып, әндерін жанды дауыста орындады. Әрбір көрініс поэзия мен музыканың үйлесімді үндестігі арқылы өріліп, көрерменге әсерлі көңіл күй сыйлады. Әсіресе актерлердің шынайы ойыны, сахналық қозғалысы мен дауыс мәнері қойылым мазмұнын аша түсіп, шығарманың эмоциялық қуатын арттырды.
Сезімге толы кештің куәсі болған Никельтау ауылдық мәдениет үйінің директоры Гүлайым Қармысова: «Мюзикл шын мәнінде жүрекке жететін ерекше туынды екен. Сахна көрінісі мен жастардың орындау шеберлігі, жыр мен әуеннің үйлесімі жан дүниені тебірентті. Жалпы, Мұқағали поэзиясын сүймейтін жан аз ғой. Сондықтан мұндай қойылым орта буынға да, жастарға да, үлкен көрерменге де бірдей жағымды әсер қалдырды. Алдағы уақытта мұндай туындылардың жалғасын көреміз деп сенемін, режиссердің жұмысы өте ұнады», — деді ол.
Сонымен қатар, қойылымда ауданда кәсіби деңгейде жарық пен сахналық жұмыс толыққанды жасалып, режиссердің қоюымен алғаш рет осындай масштабты туындылар көрерменге ұсынылды. Бұл — аудан мәдениеті үшін жаңа белес, жастар мен орта буынға арналған сапалы рухани кештердің бастамасы деп бағаланды.
Мюзиклдің басты ерекшелігі — классикалық поэзияны заманауи сахналық форматта ұсынуында. Әдетте кітап бетінде оқылатын жыр жолдары бұл жолы тірі образға айналып, музыкамен астасып, жаңа қырынан танылды. Бұл тәсіл көрерменге поэзияны тың көзқараспен қабылдауға мүмкіндік беріп, жас буынның әдебиетке деген қызығушылығын арттыра түскені анық.
Мұқағали жырлары — уақыт өткен сайын жаңғырып, әр буынның жүрегінен орын табатын ұлттық қазына. Оның шығармалары адам жанының ең нәзік сезімдерін дөп басып, оқырман мен тыңдарманды ойға жетелейді.
Қойылым соңында көрермендер ұзақ қол соғып, өнерпаздарға зор ризашылықтарын білдірді.
Ақбаян МҰРАТҚЫЗЫ.
