Майтөбеде ауылдың 65 жылдығына арналған ауқымды мерекелік шара өтті. Бұл күні ауылдың қазіргі тұрғындарымен қатар, тағдыры мен отбасы тарихы осы жермен біте қайнасқан жандар да бас қосты. Мерейтойға Қазақстанның әр өңірінен және шетелден жерлестер арнайы ат басын бұрды.
Мерекелік алаң таңнан әуелеген әнге, жарқын кездесулер мен жылы естеліктерге толды. Мұнда дәстүрлі киіз үйлер тігіліп, дастархан жайылды. Қонақтарға ауыл өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылып, әндер мен күйлер шырқалды. Ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар мерекенің сәнін келтірді.

Қатысушылар қол күресінен, қазақ күресінен, арқан тартудан және қой көтеруден сайысқа түсті. Ал мерекенің басты көркі – ат жарыстары болды. Қазақстанның әр өңірінен келген шабандоздар тай бәйге, құнан бәйге және аламан бәйгеге қатысты. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды.
Мерейтой ауыл тарихын, оның алғашқы тұрғындарын, еңбек әулеттерін және туған өлкенің дамуына үлес қосқан азаматтарды еске алуға себеп болды.
Мерекенің құрметті қонақтарының қатарында Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратов болды. Ол Майтөбе тұрғындарын ауылдың 65 жылдық мерейтойымен құттықтап, елді мекеннің одан әрі өркендеуіне, тұрғындарына амандық, зор денсаулық және бейбіт өмір тіледі. Сондай-ақ ауыл тұрғындарына Көктөбе ауылдық округінің әкімі мен Ақтөбе мыс компаниясының басшылығы атынан жылы лебіздер білдірілді.
Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі – жерлестердің қайта қауышуы болды. Бүгінде Майтөбеден жырақта тұратын көптеген азамат мерейтойға арнайы келіп, туған жерін қайта көруге, балалық шақтағы достарымен жүздесуге және осы жерде өткен жылдарын еске алуға мүмкіндік алды.
Өз естелігімен Серік Әліпов те бөлісті. Оның әкесі Амантай Әліпов кейіннен «Көктөбе» совхозы болып қайта құрылған ауылдың алғашқы төрағасы болған.
«Әкем соғыстан кейінгі жылдары осында еңбек жолын бастаған. Барлық қиындықтарға қарамастан, совхоз берекелі әрі дамыған шаруашылық болды. Мұнда тіршілік қайнап жататын», – деп еске алды ол.
Бұл жердің тағы бір тумасы – Серік Ізтілеуов. Ол қазіргі Көктөбе ауылдық округінің аумағындағы Болат елді мекенінде өскен. 25 жылдан астам уақытын білім беру саласына арнаған ол кейін жергілікті басқару жүйесінде басшылық қызметтер атқарды.
Оның айтуынша, Майтөбе тұрғындарының ауызбіршілігі әрдайым ерекше болған. «Біздің ауыл қашанда тұрғындарының бірлігімен, достығымен ерекшеленді. Оның 30 жылдығын да атап өткенбіз, енді міне, 65 жылдық мерейтойын тойлап отырмыз. Барлық ауылдастардың қайтадан бір жерде бас қосқанын көру – үлкен қуаныш. Бір сәтке бұрынғы совхоздың орталығы болған, жастық шағымыз өткен жылдарға қайта оралғандай боласың», – деді Серік Ізтілеуов.
Бүгінде Майтөбеде 400-ден астам адам тұрады. Халықтың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы және жақын маңдағы өнеркәсіптік кәсіпорындарда еңбек ету. Олардың қатарында «Коппер Текнолоджи» компаниясының «Приорское» кеніші мен Ақтөбе мыс компаниясының байыту комбинаты бар. Мұнда тұтас еңбек әулеттері қалыптасқан.
Компаниялардың ауылмен ынтымақтастығы жұмыс орындарын құрумен ғана шектелмейді. Кәсіпорындар елді мекенді абаттандыруға және жергілікті инфрақұрылымды дамытуға атсалысып, тұрғындарға қиын ауа райы жағдайларында көмек көрсетеді. Көктемгі су тасқыны мен қысқы боран кезінде жолдарды тазалауға арнайы техника бөлінеді. Әлеуметтік салаға да ерекше көңіл бөлінеді. Мектеп аумағына 100 көшет отырғызылып, оқушыларға спорттық құрал-жабдықтар алынды. Ал ауыл мұғалімдеріне қызметтік үй берілді. Ақтөбе мыс компаниясы Майтөбеде мерейтойды ұйымдастыруға және өткізуге де қолдау көрсетті.
Майтөбенің 65 жылдығы күнтізбедегі дата ғана емес. Бұл – тарих пен бүгіннің тоғысқан, ауыл тұрғындары мен туған жерден жырақта жүрген жерлестердің қайта қауышып, өздерін бір үлкен отбасының мүшесіндей сезінген ерекше күн болды.
