"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

«Хромтау» жаңа маусымға дайындалуда

«Хромтау» футбол клубы Қазақстанның Екінші лигасындағы дебюттік маусымын сәтті аяқтады. Команда Оңтүстік-Батыс конференциясының жеңімпазы атанып, енді Бірінші лигада өнер көрсетуге дайындалуда.

Клубтың тарихы былтыр көктемде басталды. Ақтөбе мыс компаниясының демеушілігімен құрылған команда өңірдің жас футболшыларын біріктіріп, оларға кәсіби деңгейде ойнауға және ел чемпионатында туған өлкесінің намысын қорғауға мүмкіндік берді.

4 қарашада Алматыда өткен Екінші лиганың финалында «Хромтау» Солтүстік-Шығыс конференциясының жеңімпазы «VPR Астана» командасымен кездесті. Шыңғыс Шәмшеденнің нәтижелі пасынан кейін Никита Стрижков бір гол соқты. Алайда матч 2:1 есебімен елордалық команданың пайдасына аяқталды.

Финалдағы жеңіліске қарамастан, «Хромтау» дебюттік маусымда айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Команданың бас бапкері Ақниет Сахман өткен маусым жас ойыншылар үшін үлкен тәжірибе мектебі болғанын атап өтті. Оның айтуынша, финал командаға әлі де жетілдіре түсетін тұстарды көрсетті, дегенмен футболшылар алға қарай нық қадам басуға дайын. Сондай-ақ бас бапкер клубтың құрылуына және дамуына үлес қосқан облыс әкімі Асхат Шахаровқа, Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратовқа және Ақтөбе мыс компаниясына алғысын білдірді.

Алда «Хромтауды» жаңа маусымға дайындық пен Бірінші лигадағы ойындар күтіп тұр. Бұл – бәсекелестігі жоғары, мықты қарсыластар мен жаңа міндеттерге толы кезең.