"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

«АҚТӨБЕ-ҚАРАБҰТАҚ»: ЖОЛ ЖӨНДЕЛУДЕ

Аймақ басшысы Асхат Шахаров Хромтау ауданына жасаған жұмыс сапарында «Самара-Шымкент» тасжолын жөндеу жұмыстарын қарап, жұмысты жеделдетуді тапсырды.

Тәулігіне 16 мыңнан астам жеңіл және жүк көлігі өтетін «Самара-Шымкент» тасжолының Ақтөбе облысы аумағындағы бөлігіне қатысты өңір басшылығына да көлік жүргізушілері мен жолаушылар тарапынан негізді арыз-шағым түсуде. Облыс әкімі Асхат Шахаров «Қазавтожол» мекемесінің өңірдегі басшылығына Ақтөбе мен Қарабұтақ ауылының арасындағы тасжолды шұғыл жөндеуді тапсырды.

Қазіргі уақытта аталған жолда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Ербол ЭЛь» компаниясы биыл 157 мың шаршы метрден астам жолдың бетін тегістеп, асфальттаса, «Казсервис» шұңқырларды жамаумен айналысады. Сондай-ақ, Көлік министрлігі қосымша бөлетін 2 млрд теңге қаржыға Хромтаудан Қарабұтақ ауылына дейінгі жол, яғни 40 шақырым жөнделеді.

Өңір басшысы мердігер компанияларға халықаралық маңызы бар жолды сапалы әрі тез арада жөндеу үшін техникаларды көптеп тартуды міндеттеді.

– Ақтөбе қаласы мен Әйтеке би ауданының арасындағы тасжолдың сапасына қатысты халықтың шағымданып жүргенінбілесіздер.Биыл өңіріміз үшін аса маңызды «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» жолын салуды бастаймыз. Бірақ, бұл жоба пайдалануға берілгенге дейін жолаушылар мен көлік жүргізушілері осы ескі жолды пайдаланады. Сондықтан ол сапалы жасалуы тиіс. Ақтөбеден Жазық ауылына дейінгі асфальтты жөндеу жұмыстары басталған екен, қажетті қаржы бөлінді, бірақ, техника саны аз. Уақыт жоғалтпауымыз керек. Жұмыстарды тез арада аяқтау үшін техникалардың санын арттыруды тапсырамын, – деді Асхат Шахаров.

«Қазавтожол» Қазақстанның оңтүстігінен Ресейге өтетін транзиттік дәліздің бір бөлігі «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолын салуға кірісіп кетті. Дәліздің ұзындығы – 262 шақырым. Автожол І техникалық санатқа ауыстырылады. 791-819 шақырым арасындағы учаскені салуға жауапты «Сине мидас строй» компаниясы жолдың оң жақ бір бөлігін бастайды, оның ішінде жобаланған су өткізгіш құбырлар және көпірлер бар.

Ақбаян Қожабекова

ПІКІР ЖАЗУ