"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

АРДАГЕРДІҢ ПӘТЕРІ ЖӨНДЕЛЕДІ

9 мамыр – Жеңіс күнінде аймақ басшысы Асхат Шахаров облыстағы жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері, Хромтау қаласының тұрғыны Василий Грецкийді құттықтау үшін арнайы ат басын бұрды.

Василий Грецкийдің шаңырағына барған облыс әкімі Асхат Берлешұлы мен аудан әкімі Нұрхан Жасұланұлы ғасыр жасаған ардагермен кездесіп, мерекемен құттықтады.

– Сізге тағызым ету – құрмет. Біз ашық аспан мен жарқын болашақ сыйлаған сіздерге әрқашан алғыс айтамыз, ризашылық білдіреміз, – деп тілегін білдіргеннен кейін облыс әкімі ардагерге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Өңір басшысы мерекелік сыйлық ретінде Василий Грецкийге оның пәтеріне күрделі жөндеу жүргізуді растайтын сертификат табыстап, қарт жауынгермен әңгімелесті.

Бүгінде Василий Иванович Грецкий Хромтау қаласында көпқабатты тұрғын үйде тұрады. Мереке қарсаңында ол тұратын үйдің ауласына әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының, аудан әкімдігінің өкілдері мен жергілікті тұрғындар жиналды. Оркестр соғыс жылдарындағы әндерді орындаса, мектеп оқушылары сап түзеп, ардагерге құрмет көрсетті.

Салтанатты шара соңында Василий Иванович көзіне жас алып, елімізге амандық, бейбіт өмір тіледі.

Ақбаян Қожабекова

ПІКІР ЖАЗУ