"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Ауыл

ЖАЗЫҚТА МЕКТЕП САЛЫНАДЫ

Биыл Ақжар мен Жазық ауылдарының кіреберіс жолдарына асфальт салынады. Бұл туралы аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов жергілікті халықпен кездесуінде айтты.

Әкімдердің халық алдындағы кездесуінде ауыл әкімі Болатбек Дүйсенбин жартыжылдықты қорытындылады.

—   Биыл қыс өте қатты болды. Ақпан айынан бастап мердігер анықталып, жеке кәсіпкер Базарбай Ахметов қардан тазарту жұмыстарын жалғастырды. Мердігердің өзінің техникасынан бөлек қосымша техникалармен ауылда жұмыстар жүргізілді. Қыстағы қалың қардың салдары көктемгі су тасқынына ұласты. Ауылымызды қардан тазарту бойынша мердігер тарапынан жұмыстар атқарылып, қар суының арнасын бұрып, үйлерді су басу қауіпінен сақтап қалдық. Биылғы жылы салықтық түсімдерді 2 есеге арттырып, ауылда шағын футбол алаңы, саябақты жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылды. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 8 жоба тапсырылды, 3 жоба мақұлданды және 5 жоба қаралу үстінде, — деген ауыл әкімі екінші жартыжылдықтың жоспарын да баяндады.

Алдағы уақытта Ақжар ауылы мен округке қарасты Жазық елді мекенінде де бірталай жұмыстар жоспарланған. Оның ішінде негізгілері ауыл ішіндегі көшелерге қиыршық тас төсеу арқылы тұрғындардың қатынасын жеңілдету, көпбалалы отбасы үшін үй сатып алу, сол арқылы «Алтын алқа» иегері, сегіз баланың анасы Ақжүніс Какимованы баспаналы ету, Ақжар елді мекенінің Самара-Шымкент тас жолындағы кіреберіс және Жазық бекетінің жолын асфальттау,  сумен жабдықтау жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Одан бөлек «Ауыл Аманаты» жобасы бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып, ақжарлықтардың әл-ауқатын арттыруға күш салуды көздеп отыр.

Ақжардағы кездесуде ауыл тұрғыны Анаргүл Бөрібай Ақжарға жаңа балабақша қажеттігін алға тартты. Аудан басшысы көтерілген мәселелерге заң аясында жауап берді.

Одан кейін аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов Жазық бекетіне арнайы барып, жазықтықтармен кездесіп, жоспарлы жұмыстармен танысты.

Кездесуде ол:

—   Биыл Ақжар мен Жазықтың кіреберіс жолдарына асфальт салу жоспарланып отыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, жұмыстар басталып кетті. Одан бөлек Жазық тұрғындары үшін тағы бір жақсы жаңалық — биыл осы жерде 50 орындық мектеп ғимаратының құрылысы басталатын болады. Жұмыстардың қарқыны мен сапасы, жоспарлы жүруі жеке бақылауымда болады, — деді аудан әкімі.

Жазық елді мекенінің зейнеткері Мырзагерей Тұрғалиев жайылымдық жердің жеткіліксіздігін мәселе етіп көтерді.

Ақбаян ҚОЖАБЕКОВА

ПІКІР ЖАЗУ