"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығы аясындағы «30 игі іс-шара» акциясына хромтаулықтар да үн қосты.

Аудандық қоғамдық кеңес мүшелерінің демеушілігімен қоғамдық кеңес төрағасы Болат Ашабаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Біржанов және аудандық мәслихат төрағасы Елмұрат Болатов мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған түзету орталығына барып, арнайы орындықтар мен басқа да қажетті жабдықтарды табыстады.

—  Ерекше балаларды көңілден, қоғамнан тыс қалдырмай демеу беріп, бүлдіршіндердің лайықты ем қабылдауына жағдай жасап жатқан аудандық мәслихатқа ерекше алғыс білдіремін. Кез келген уақытта бүлдіршіндердің қасынан табылып, үнемі көмектеріңізді көрсетіп келесіздер. Бұл жолы да кішкентай топтағы балаларға қажетті заттар сыйлап жатсыздар, —  деді орталық басшысы Анна Жанғожина.

Мәслихаттың 30 жылдығына орай өткізілген қайырымдылық шарасы алдағы уақытта да жалғасатынын алға тартқан Елмұрат Болатов:

—  «30 игі іс-шара» аясындағы алғашқы шараны балаларға қолдау көрсетуден бастадық. Демеушілік жасап, бүлдіршіндердің қуанышын еселеген барлық ел ағаларына алғысымды білдіремін, — деді мәслихат төрағасы.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ