"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Дін

ТЕРІС БАҒЫТТАҒЫ АҒЫМДАР – ҚОҒАМҒА ҚАУІПТІ

Ауданымызға «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының басшысы Тастанбек Разақ бастаған дін саласындағы ақпараттық түсіндіру тобы келіп, бірқатар кездесулер ұйымдастырды.

Топ құрамындағы теолог маман Нұрлан Асанов Көктау ауылдық округінің әкімдігінде ауыл тұрғындарымен және «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС-де жұмысшылармен кездессе, топ жетекшісі Т.Разақ «Восход-Ориел» ЖШС-де және аудан орталығындағы Кеншілер мәдениет үйінде Дөң ТКБК жұмысшыларына діни сауаттылықтың заман талабы екенін жеткізіп, «Деструктивті діни ағым түсінігі» тақырыбында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал дінтанушы, психолог маман Ольга Вороневич парвославиелік және католиктік шіркеулердің келушілеріне тоталитарлық секталар жайында айтып, алдап-арбаудың заманауи технологиялары турасында әңгіме өрбітті. Сондай-ақ топ мүшелері Жастар ресурстық орталығының ғимаратында жастарға радикалды діни ағымдардың қоғамға тигізер кері әсері жайында мағлұмат берді.

Екі күнге жалғасқан түсіндіру жұмыстары Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі мен №6 Хромтау гимназиясында және аудандық полиция бөлімінде өз жалғасын тапты.

– «Заманына қарай адамы» демекші, деструктивті діни ағымдар да халықтың санасын улауға бағытталған түрлі айла-тәсілдерді құбылтуда. Өзге мемлекеттермен салыстырғанда орта Азия елдеріне «шабуыл» – ұлттық құндылықтарымызды жоюды мақсат тұтады. Біздің тұрмысымызға сіңіп кеткен салт-дәстүрлерімізді негізсіз әрі Құдайға «серік қосу» деп, олардан теріс айналуға үгіттейді. Халықтың ұрымтал тұсы – көптеген салт-дәстүрлеріміз бен ырым-тыйымдардың шығу тарихын ұмыта бастаған. Мәселен, не үшін жаңа түскен келінге отқа май құйып, иіскететінін немесе босағаға кәрі жілік пен мойын омыртқаны неліктен іліп қоятынын біле бермейміз. ДДА мүшелері біздің осы «білместігімізді» өзімізге қарсы пайдаланады. Оларға қарсы тұру үшін «діни иммунитетті» күшейту керек, – дейді «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының басшысы Тастанбек Разақ.

Сондай-ақ ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері кездесу барысында дін және мемлекет, зайырлылық ұғымы, рухани құндылықтар мен мәдениет, елімізде тыйым салынған діни-экстремисттік ұйымдар, әлеуметтік желідегі діни сайттарды дұрыс таңдаудың жолы туралы маңызды ақпараттармен бөлісті.

Қуандық РАҚЫМ

ПІКІР ЖАЗУ