"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Еңбек адамыМәдениет

БІЗ – БАҚЫТТЫ ЖАНҰЯМЫЗ

Осындай тақырыппен Кеншілер мәдениет үйінде цехаралық сайыс өтті. Металлургтердің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – Дөң тау-кен байыту комбинатында тынымсыз еңбек ететін жандардың отбасындағы ынтамақты арттырып, жанұя мүшелерімен көңілді уақыт өткізулеріне септігін тигізу.

Сайысқа Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтада, тау-кен көлік тасымалдау цехында, кен байыту және кесектеу фабрикасында, қоршаған ортаны қорғау зертханасында қызмет ететін жандар өз отбасыларымен бірлесе жеңістің шыңына шығу үшін тартысқа түсіп, бақ сынасты.

Бес айналымнан құралған байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар өздерін таныстырып, отбасы мүшелері туралы әңгімелеп берді. Сондай-ақ әр жанұя өзінің тарихын, дәстүрлерін және күнделікті өмірін баяндап, көпшіліктің назарын өздеріне аудара білді.

– Бұл сайыс отбасымыздың арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға үлкен үлесін қосты десем де болады, байқауға дайындық сәтінде балаларымның мен білмейтін қырлары, шығармашылық қабілеттері бар екенін түсіндім. Осындай мүмкіндік үшін «Қазхром»-ға алғыс айтамын, – деді Нұрмановтар отбасының отанасы.

Екінші кезеңде конкурсанттар сұраққа жауап беру арқылы бағаланды. Мұнда қатысушыларға отбасы құндылықтарына қатысты сауалдар қойылып, олардың отбасындағы әдет-ғұрыптары мен дәстүрлеріне ерекше назар аударылды.

 

Сайыстың келесі кезеңіне «менің жанұям бос уақытында немен айналысады?» деген атау берілген. Әр отбасы бейнежазба арқылы өздерінің сүйікті ісі мен айналысатын хоббилерін көрсетті. Мәселен, Құрақбаевтар серуендегенді ұнатса, Дәрібаевтар саяхатты, ал Саймағанбетовтер бос уақыттарын салауатты өмір салтына арнап, спортпен шұғылданғанды жөн көреді екен.

Төртінші кезеңде жанұялар өз өнерлерін көрсетіп, ән айтып, би биледі. бағытталған бұл кезеңде Темірғалиевтер отбасы әуезді ән шырқап, көрермендер көзайымына айналды. Шешуші кезең – қолөнер көрмесі. Бұл сайыста қатысушылар отбасы мүшелерінің қолынан шыққан туындылардан көрме ұйымдастырып, көпшіліктің назарына ұсынды. Әділқазылар экспонаттардың жасалу күрделілігіне байланысты бағалап, сайыс қорытындысын шығарды. Нәтижесінде кен байыту және кесектеу фабрикасында еңбек ететін Дәрібаевтар отбасы бас жүлдені иеленді.

Толғанай ЕСБОЛСЫН

ПІКІР ЖАЗУ