"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ДӘСТҮРЛІ ҚЫМЫЗДЫҢ ДӘМІ

ДӘСТҮР ҚЫМЫЗДЫҢ ДӘМІ

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Жапонияда бастау алған «Бір ауыл — бір өнім» бастамасы бүгінде әлемнің көптеген елінде ауыл кәсіпкерлігін дамытудың табысты үлгісіне айналды. Жобаның басты мақсаты — әр өңірдің табиғи ерекшелігі мен жергілікті шикізатын тиімді пайдаланып, бәсекеге қабілетті өнім шығару. Елімізде де жүзеге асып жатқан бұл жоба ауылдағы кәсіпкерлерге өз өнімін жетілдіруге, оны сертификаттап, нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.
Биыл Хромтау ауданында өткен «Бір ауыл — бір өнім» көрмесінде облыстық кезеңге жолдама алғандардың бірі — «Дәстүр қымыз» брендінің иесі, жеке кәсіпкер Жадыра Нұрмағамбетова.
Ақтасты ауылында тұратын Жадыра жолдасы Аманкелді Тілегеновпен бірге ата кәсіпті заман талабына сай дамытып келеді. Олар өз қаражатымен өндірісті бастап, бүгінде табиғи қымыздың бірнеше түрін тұтынушыларға ұсынып отыр.
— Біз ауылда тұрғандықтан қолымыздағы малдың игілігін көріп, ауыл шаруашылығын дамытуға бел будық. Жылқы өсіріп, саумал мен қымыз өндіруді қолға алдық. Бұл — ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі сусын. Сондықтан өнімімізді «Дәстүр қымыз» деп атадық, — дейді кәсіпкер.
Олар өз жұмысын 2020 жылы бастағанымен, өндірісті жүйелі түрде дамытып келе жатқанына екі жыл болған. Қазіргі таңда мұнда екі адам тұрақты еңбек етеді. Айына мың литрге дейін өнім өндіретін шағын кәсіпорын Хромтау ауданының дүкендері мен базарларын ғана емес, Ақтөбе қаласындағы сауда орындарын да табиғи өніммен қамтамасыз етіп отыр.
Бүгінде «Дәстүр қымыздың» ассортименті де кеңейген. Кәсіпкерлер тұтынушыларға саумал, бал қымыз, тай қымыз, құнан қымыз, ысталған қымыз және жалбыз қосылған ерекше қымыз ұсынады. Әсіресе жалбыз қымыз — өңірде бұрын болмаған тың өнімдердің бірі.
— Жалбыз қосылған қымыздың иісі де, дәмі де өзгеше. Бұл — біздің жаңадан меңгерген өніміміз. Тұтынушылар тарапынан қызығушылық жоғары, — дейді Жадыра.
Өнімнің сұранысы жылдан-жылға артып келеді. Қазір «Дәстүр қымыз» Хромтау ауданындағы бірнеше дүкенде және Ақтөбе қаласындағы ұлттық тағамдар сататын сауда орындарында, соның ішінде «Бауырдақ» дүкендерінде сатылады. Бұдан бөлек, үйден тікелей тапсырыс беретіндер де аз емес. Әсіресе емдік қасиеті жоғары саумалға сұраныс көп.
Кәсіпкердің айтуынша, «Бір ауыл — бір өнім» жобасына қатысу туралы ұсынысты Хромтау аудандық кәсіпкерлер палатасының мамандары жеткізген.
— Бізге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан осы жобаға қатысуды ұсынды. Бағымызды сынап көрдік. Алдымен аудандық кезеңнен өттік, облыстық кезеңге жолдама алдық. Бұл — біз үшін үлкен мүмкіндік. Жақында облыс әкімі Асхат Берлешұлының алдында өз өнімімізді таныстырдық. Болашақта өнімімізді еліміздің басқа өңірлеріне де шығаруды жоспарлап отырмыз, — дейді ол.
Жадыра мен жолдасы бұл кәсіпті ешқандай мемлекеттік субсидиясыз немесе жеңілдетілген несие алмай бастаған. Өндіріске қажетті күбі, жабдықтар мен басқа да құралдардың барлығы өз қаражаттарына сатып алынған.
— Барлығын өз күшімізбен бастадық. Әрине, жолдасымның қолдауы ерекше. Ол негізгі жұмысынан бөлек, осы кәсіптің дамуына да көп еңбек сіңіріп келеді. Біз үшін бұл жай ғана бизнес емес, ұлттық сусынды дәріптеу, ауылдың әлеуетін көтеру жолындағы еңбек, — дейді кәсіпкер.

Ләззат ӘБДІРОВА