"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ЛИДАНЫҢ РЕКОРДЫ

ЛИДАНЫҢ РЕКОРДЫ

Жерлесіміз, жеке кәсіпкер Лида Досқазина үшін құрақ құрау — жай ғана кәсіп емес, ата-бабадан жеткен аманатты жалғаудың жолы. Ұлттық нақыштағы көрпелер мен қыз жасауларын тігіп, қазақы қолөнерді жаңғыртып жүрген шебер бүгінде еңбегімен елге танылып келеді.
«Өнердің де өз тілі бар»,- дейді халқымыз. Сол тілмен сөйлеп, әр қиық матаға тарих пен тағылымды сыйдырып жүрген жандардың бірі – Хромтау ауданының шебері Лида Досказина. Ол құрақ көрпе, қыз жасауы, жастықтар, ұлттық нақыштағы бұйымдар мен тойбастар әзірлеп, қазақ қолөнерінің қадірін арттырып жүр.
Көпбалалы ана үшін бұл кәсіп кездейсоқ таңдалған жол емес. Отбасының берекесі мен адал еңбекті қатар алып жүрген шебер бүгінде өз қолымен тіккен бұйымдарын тұтынушыларға ұсынып келеді.
– Көрпе тігіп жүргеніме көп уақыт болған жоқ. Барлық бұйымды өз қолыммен дайындаймын. Әсіресе тойбастарға сұраныс өте жоғары. Кейде тапсырыстарды уақытында орындап үлгермей қалатын кездерім болады. Негізгі тапсырыс берушілер – Хромтау ауданының тұрғындары. Сонымен қатар Ақтөбе қаласынан, Кеңқияқтан, Арал, Қостанай, Байғанин, Құлсары, Атырау өңірлерінен де жиі тапсырыс түседі, – дейді шебер.
Ұлттық өнерді кәсіпке айналдыру жолында Лида Балтабайқызы мемлекеттік қолдаудың да игілігін көрген. 2024 жылы қайтарымсыз 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі мемлекеттік грантты жеңіп алып, кәсібіне қажетті құрал-жабдықтарын сатып алған. Бұл оның жұмысын кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан.
Сол жылы «Аламан құрақ» фестиваліне шақырту алғанымен, батылы жетпей бара алмай қалғанын жасырмайды. Алайда келесі жылы тәуекелге бел буып, Алматының Мұз айдынында өткен республикалық фестивальге қатысады.
Бұл – Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 660 құрақшының басын қосқан ерекше шара еді. Ауқымды фестиваль Рекордтар кітабына енгізіліп, қатысушылардың еңбегі жоғары бағаланды. Сол додада Лида Досказина күміс медаль иеленіп, ұлттық қолөнердегі шеберлігін дәлелдей білді.
Шебердің жетістігі мұнымен тоқтап қалған жоқ. Биыл ол Өскемен қаласында өткен республикалық құрақшылар басқосуына қатысты. Бұл жолы еліміздің 17 облысынан мыңға жуық құрақ шебері бас қосты.
– Өскемендегі этнопаркте «Барқыт бел» көрпесін жайдық. Сол шарада Рекордтар кітабының алтын медалімен марапатталдым. Бұл – мен үшін ғана емес, Хромтау ауданы үшін де үлкен мәртебе, – дейді ол.
Шебердің айтуынша, халықаралық деңгейдегі жетістіктер де көп күттірмеген.
– Өткен жылы Өскеменде өткен шарада бірден екі рекордқа ендік. Кейін орденмен марапатталатынымыз белгілі болды. Алматыдағы марапаттау рәсіміне бара алмадым. Қазір орденім Ақтөбеде ұйымдастырушылардың қолында тұр. Жақын арада салтанатты түрде табысталады деп күтіп жүрмін. Бұл марапатты бүкіл әлем бойынша алғашқы болып біздің топ иеленген екен, – дейді қуанышымен бөліскен шебер.
Лида Балтабайқызы қатысқан шаралар тек өнер сайысымен шектелмейді. Құрақшылар қайырымдылық шараларын да дәстүрге айналдырған.
Өскемен қаласында өткен республикалық жиын барысында балалар үйі мен қарттар үйінің тұрғындарына ерекше қамқорлық көрсетілді. Игілік акциясы аясында 2026 дана «Тұлпар» жастықтары мұқтаж жандарға тарту етіліп, қайырымдылық көмектер үлестірілді. Бұған дейін де дәл осындай акция барысында 2025 дана «Алтын» топтамасындағы жастықтар сыйға берілген болатын. Осындай ізгі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Шебер барлық жетістігіне ешқан дай демеушінің көмегінсіз жеткенін айтады.
– «Аламан құраққа» Хромтау ауданынан жалғыз өзім қатыстым. Ешкім демеушілік жасаған жоқ. Барлық шығынды өзіміз көтердік. Жолдасым екеуміз бір-бірімізге қолдау көрсетіп, адал еңбектің арқасында барып қайттық, – дейді ол.
Алдағы уақытта да қолөнер шеберін жаңа белестер күтіп тұр.
Ұлттық өнерді жаңғыртып қана қоймай, оны кәсіпке айналдырып, қазақы құндылықтарды кеңінен насихаттап жүрген Лида Балтабайқызының еңбегі – өскелең ұрпаққа өнеге. Әр құрақ көрпеге мейірімін, әр бұйымына ұлттық рухты сыйдырған шебердің қолынан шыққан дүниелер бүгінде қазақы дәстүрдің, еңбекқорлықтың және талғамның айқын көрінісіне айналып отыр.
P.S. Жақында ол «Бір ауыл – Бір өнім» жобасы аясында облыстық көрмеге де қатысып келді. Алдағы уақытта кәсіпкер өнім түрлерін көбейтіп, ұлттық қолөнерді кеңінен насихаттауды көздеп отыр.

Ләззат Әбдірова