"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ӨРТ ДЕРЕУ АУЫЗДЫҚТАЛДЫ

Хромтауда үш қабатты тұрғын үйден өрт шықты.
Оқиға орнына шұғыл жеткен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 40 адамды эвакуациялады. Оның 12-сі — балалар.

— 21 шілдеде сағат 02:37-де өрт сөндіру қызметінің «101» нөміріне шұғыл хабар түсті. Өзінің аты-жөнін Н.Ерденов деп таныстырған азамат Әйтеке би көшесіндегі 48-үйдің жанып жатқанын мәлімдеді. Бұл ақпарат дереу тіркеліп, өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері алғашқы қадамдарын жасады, — дейді №20 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, Азаматтық қорғау капитаны Ерхан Жақсылық.

Сағат 02:37-де Хромтау ауданының №20 өрт сөндіру бөлімінің жауынгерлік кезекшіліктегі алғашқы жасағы АШ 5-40 КамАЗ өрт сөндіру автокөлігімен оқиға орнына бет алып, артынша, 02:42-де қосымша құрам АШ 8-70 КамАЗ автокөлігімен жөнелтілген. Санаулы минуттарда өрт сөндірушілер хабарлама түскен мекенжайға жетіп, тілсіз жауға дер кезінде тойтарыс бере білді.

Өрт тұрғын үйдің 2-қабатындағы пәтерлердің бірінен шыққан. Оқыс оқиға пәтердің ас бөлмесінде болып, жалынның қызуы мен қара түтін басым болып, жалпы өрт алаңы 15 шаршы метрді құраған. Жалынды сөндіру үшін 2 тонна су жұмсалды. Өрттің салдарынан құтқарушылар 3 адамды жедел түрде орталық ауруханаға жеткізді. Ауруханаға жеткізілген тұрғындар көміртегі тотығымен уланған. Құтқарушылардың кәсіби шеберлігі мен шапшаңдығының арқасында оқыс оқиғада дене жарақаттарын алып, күйік шалғандар жоқ.
Тұрғындар өрт сөндірушілердің батылдығы мен жанқиярлығына тәнті болып, міндеттерін адал атқарып, қауіпті жағдайда тез әрі дәл әрекет еткендері үшін ризашылықтарын білдірді.

Толғанай ЕСБОЛСЫНҚЫЗЫ

 

ПІКІР ЖАЗУ