"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ЖаңалықтарМәдениет

ЖИЫРМА ЖЫЛДЫҚ БЕЛЕСТЕГІ КӘСІПОРЫН

Компанияның мерейтойы Металлургтер күні қарсаңында аталып өтілді. Бұл күні Көктау ауылы тұрғындары мен қонақтарына, зауыт ұжымына мерекелік көңіл күй сыйланды. 

2004 жылы негізі қаланған өндіріс ошағының мерейтойына аудан әкімінің орынбасары Сәндібек Жаконов пен Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов арнайы келіп, металлургтерді кәсіби мерекесімен құттықтады.

— Еліміздің экономикалық дамуы мен өнеркәсіптік жетістіктерінде Ақтөбе мыс компаниясының металлургтері айрықша рөл атқарады. Сіздер өндіретін мыс еліміздің индустриялық-инновациялық дамуында аса маңызды және Қазақстанның әлемдік нарықтағы орнын нығайтуға үлкен үлес қосуда, — деді Сәндібек Жаконов.

Мерекелік іс-шарада «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС бас директоры Фарит Суфьянов кәсіпорынға еңбегі сіңген қызметкерлерді марапаттады.

—      Жиырма  жылда үлкен жұмыс атқарылды. Ортақ іске компанияның әр қызметкері өз үлесін қосты. Тау-кен өнеркәсібіндегі әрбір маманның еңбегі зор құрметке лайық. Ақтөбе мыс компаниясы саланы ғана емес, өңірді де өркендетуге ден қойған. Облыс, Хромтау ауданы және ауылдық округтер әкімшілігімен бірлесе өңірде бірқатар абаттандыру жобалары жүзеге асырылды. Біз мүмкіндігінше балалар және бұқаралық спортты, денсаулық сақтауды, сапалы білім беруді қолдаймыз, мұқтаж тұрғындарға көмек береміз, мерекелерді бірге атап өтеміз, кейде табиғат апаты салдарын жоюмен де күресіп жатамыз. Біз болашақ ұрпақтың дені сау болып өсуі үшін және олардың ата-аналарын қолайлы жұмыс орнымен қамтуға бар күшімізді салудамыз, — деп жылы лебізін білдірді.

Содан соң мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Салтанатты кештің шымылдығын «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі ашып берді. Мерекелік іс-шарада өңіріміздің өнерпаздарымен қатар, қазақ эстрадасы жұлдыздары, атап айтсақ Арман Жиеналиев, Өмірқұл Айниязов және жас әнші Jazzdauren арнайы көктаулықтар үшін өнер көрсетті. Ал көршілес Ресей мемлекетінен келген өнерпаздар отпен ойын көрсетіп, экстрималды қойылым қойды.

Мерейтой ұйымдастырушылары бүлдіршіндерді де елеусіз қалдырмады. Балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында олардың сүйікті мультхикаялары «Құтқарушы күшіктердің» кейіпіне енген аниматорлар түрлі ойындар ұйымдастырып, сайыстар өткізді. Көктаудың кішкентай тұрғындарының мерекесі көпіршік кешімен жалғасын тапты.

— 5 сыныпта оқитын ұлымды мерекелік кешке әкелдім. Көңілі көтеріліп қалды. Балалардың қуанышы — біздің қуанышымыз. Ақтөбе мыс компаниясына осындай мереке өткізіп жатқаны үшін алғысымды білдіремін. Мереке баршамызға құтты болсын! Біздің компаниямыз жылдан жылға көркейіп, өсе берсін!,- деп тілегін білдірді ауыл тұрғыны Алмагүл Тобылашева.

Айта кетейік, жылына 5 млн. тонна кен өңдейтін Ақтөбе мыс компаниясы әлеуметтік жобалар мен қайырымдылыққа жыл сайын 1 млрд. теңге көлемінде  қаражат бөледі. Кәсіпорын Хромтау және Мұғалжар аудандарының дамуына өзіндік үлесін қосып отыр. Көктау ауылы тұрғындарының 80 пайызы осы комбинатқа жұмысқа орналасқан. Көктау ауылдық округі әкімі Бақытбек Усмахановтың айтуынша, компания қолдауымен елді мекендерге газ құбырлары жүргізіліп, жолдар жөнделген, онымен қоса тұрғындардың игілігіне спорт алаңдары салынып, спорт кешендері мен мектеп базасы жабдықталып, фельдшерлік пунктің техникалық базасы жаңартылған.

Бүгінде кенді ұсақтау, ұнтақтау және флотациялау үшін озық технологияларды пайдаланатын кәсіпорын алдағы уақытта да заманауи тау-кен өндірісіне инвестиция құюды жалғастыратын болады.

Толғанай ЕСБОЛСЫН

ПІКІР ЖАЗУ