САЙЛАУШЫ ҚҰҚЫҒЫ — БАСТЫ НАЗАРДА
Сайлау — әр азаматтың өз таңдауын жасап, елдің ертеңіне үлес қосатын маңызды саяси науқан. Ауданымызда осы жауапты кезеңге дайындық қызу жүріп жатыр. Комиссиялардың жұмысы, сайлау учаскелерінің әзірлігі мен ұйымдастыру шаралары туралы Хромтау аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ақназар Дүйсембай айтып берді.
— Ақназар Қасымұлы, алдымен Хромтау ауданындағы сайлау жүйесінің бүгінгі жай-күйіне тоқталсаңыз.
— Бүгінде Хромтау ауданында сайлау жүйесі толыққанды жұмыс істеп тұр. Аудан бойынша 42 сайлау комиссиясы бар. Оның ішінде бір аумақтық, 13 округтік және 28 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Жалпы комиссия құрамында 252 адам қызмет атқарады. Қазіргі таңда комиссиялар құрамында бос орын жоқ.
Ауданда 28 сайлау учаскесі орналасқан. Оның 10-ы Хромтау қаласында болса, қалғаны ауылдық округтерде орналасқан. Бүгінде аудандағы сайлаушылар саны — 29 113 адам.
— Сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығы қандай деңгейде?
— Сайлау науқанының ашық әрі сапалы өтуі үшін материалдық-техникалық қамтамасыз етуге ерекше мән беріледі. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау — басты назардағы мәселе. Барлық сайлау учаскелері қажетті ақпараттық стендтермен, арнайы талаптарға сай дауыс беру кабиналарымен жабдықталған. Әр учаскеде көру қабілеті төмен азаматтарға арналған үлкейткіш әйнектер, қосымша жарық көздері, құлаққаптар, арнайы трафареттер мен қажет болған жағдайда Брайль қарпі қарастырылған. Сонымен қатар компьютерлер орнатылған.
— Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
— Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастырылған. Ауданымыздағы 28 сайлау учаскесінің 22-сінде пандус орнатылған. Ал қалған нысандарға олардың қажеттілігі жоқ. Барлық пандустарда шақыру батырмасы қарастырылған. Сондай-ақ автотұрақтарда арнайы орындар белгіленіп, ғимараттарға кіреберістен бастап дауыс беру жәшігіне дейін тактильді бағыттағыштар орнатылған.
Сайлау науқаны кезінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп екі сурдоаудармашы мен екі инватакси қызмет көрсетеді. Денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтардың, сондай-ақ науқасқа күтім жасап отырған немесе шалғай елдімекендерде тұратын тұрғындардың өтініші бойынша үйде дауыс беру ұйымдастырылады.
Бүгінде ауданда ерекше қажеттілігі бар 129 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 59 адам арба пайдаланады, 50 адамның көру қабілеті бұзылған, ал 20 адамның есту қабілетінде ерекшелік бар. Сонымен қатар барлық сайлау учаскесі бірінші қабатта орналасқан және толықтай қолжетімді деп бағаланған.
— Алдағы Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық қалай жүріп жатыр?
— 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Қазір учаскелік сайлау комиссияларының материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту жұмыстары жалғасып жатыр.
Сонымен қатар сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған кезең-кезеңімен оқыту ұйымдастырылады. Аумақтық және учаскелік комиссия мүшелері білімдерін жетілдіріп, тестілеуден өтеді. Бұған қоса саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне де арнайы оқыту семинарлары өткізіледі.
— Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қалай ұйымдастырылмақ?
— Бұл бағытта да нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Аудан бойынша кандидаттардың сайлаушылармен кездесуі үшін 28 орын, ал үгіт материалдарын орналастыруға арналған 21 арнайы орын бекітілді.
Хромтау қаласында сайлауға қатысты ақпараттар жарияланатын үш LED экран жұмыс істейтін болады. Бұдан бөлек аудан бойынша 32 ақпараттық баннер дайындалды. Оның 13-і қалада, қалғаны ауылдық округтерде орнатылады.
— Рахмет!
Сұхбаттасқан Ләззат ӘБДІРОВА.
