"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ТҮСІНДІРУ ТОБЫ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Еліміздегі АЭС салу жөніндегі өткізілетін республикалық референдум аясында аталмыш нысанды салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб құрылып, аудан тұрғындарына ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталып кетті. Халықтық штабтың төрайымы аудандық «Аmanat» партиясының атқарушы хатшысы Майра Балқыбаеваның айтуынша, штаб құрамы энергетика саласының мамандарымен толық қамтылған. Барлық ауылдық округтер мен аудан орталығындағы мекемелердегі қызметкерлермен де жүйелі кездесулер жалғасын табуда.

Халықтық штабтың мақсатты жұмыстарының бастамасы ретінде штаб төрайымы бастаған түсіндіру тобы алдымен Бөгетсай секілді шалғай ауылдың тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуде АЭС-тің несімен қауіпсіз екені және басты қажеттілігі аталып өтіліп, халыққа не беретіндігі жөнінде талқы болды.

Сала мамандарының айтуынша, АЭС салуда басты қажетті уран қорынан ешқандай тапшылық жоқ екен. Себебі, еліміздің уран өндіруден бірінші орын, ал қоры бойынша екінші орында екенін алға тартқан энергетиктер ядролық отынның компоненттерін де отандық өндіріс игере алатынын жеткізді.

Кездесу барысында стратегиялық нысанның қауіпсіздігі туралы да сөз болды.

– Аталмыш нысанның қауіпсіздігі қатаң түрде сақталатын халықаралық стандарттармен реттеледі. Ол үшін Франция, Қытай секілді жетекші елдердің тәжірибесі ескеріледі. Реакаторлардың қуаттылық деңгейін өлшейтін әрбір құрылғылардың барлығы жіті бақылауда болатыны да сөзсіз. Ал енді осы АЭС бізге не береді деген сұраққа да жауап іздеп көрейік. Ең басты мәселе ол – энергетикалық тәуелсіздік. Егер АЭС салынып, жүйелі жұмыс істесе, жылына 100 млрд теңгеге дейін үнемдеуге болады деген гипотезалар электр энергиясының бағасы қолжетімді болады деген пікірге әкеп соғады, – деді штаб төрайымы өз сөзінде.

Ақпараттық түсіндіру тобының бір легі Көктау, Көктөбе және Аққұдық ауылдарына барды. Бұл топтағы штаб мүшелері аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Ашабаев пен аудандық мәслихат төрағасы Елмұрат Болатовтар сала мамандарымен бірге ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесуде өңірімізге электр қуатын тасымалдайтын әрі

қызмет көрсететін «KEGOС» компаниясының қызметкерлері электр қуатының 43 пайызы көршілес мемлекеттен келетінін жеткізді. Демек, электр тапшылығы өз өңірімізде де сезіледі деген сөз. Оның үстіне аудан индустриалды аймақ болған соң электр қуатының мықты болуы – басым күш екенін жеткізді.

– Өндірісті аймақта ең алдымен ток күші қажет екені сөзсіз. АЭС тақырыбы қозғалғанда баламалы энергия көздері де сөзсіз тілге тиек болады. Алайда, жел электр стансасы мен күн электр стансасының жарамдығы мен қуаты қажетті межеге жетпейтінін мойындау керек, – деді сала мамандары.

Еске сала кетейік, АЭС құрылысы жөнінде өткізілетін республикалық референдум 6 қазанда болады. Батыл шешімдер жасап, ел болашағын бірге жақсартуға сіз де өз үлесіңізді қосыңыз.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ