"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ВЕЛОШАБАНДОЗ ХРОМТАУДА

«Ақтөбе-Әйтеке би-Ақтөбе» бағытында велосипедпен жолға шыққан Жұмабай ақсақал Хромтау ауданына келді. Әйтеке би ауданына бет алған қарт велошабандоз сапарын әрі қарай «Хромтау — Алтынсарин» теміржолының бойымен жалғамақ.

Аудан аумағына кірген велошабандозды аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Қожабеков күтіп алып, жол полициясының сүйемелдеуімен «Хромтау» теміржол бекетіне жеткізді. Ол жерде велошабандозды қарсы алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Біржанов пен аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Байдолла Өмірбаев бастаған аудан жастары мен теміржолшылар Жұмабай ақсақалға қазақы дәстүрмен қонақжайлық көрсетті.

– Мен бұл сапарымды Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің және «Батыс» ЖШС жүк тасымалының 120 жылдық мерейтойына арнап отырмын. «Хромтау — Алтынсарин» теміржолының бойымен жүріп, бекеттерге арнайы тоқтап, ахуалды бағамдап жүрмін. Қазақстан тәуелсіз ел атанғанына он жылдан сәл асқан, екі мың жылдықтың тоғысында салынған «Хромтау — Алтынсарин» теміржолының маңызы зор. Біріншіден, еліміздің орталығы мен шығысын жалғастырса, екіншіден орталық пен батыстың арасын жақындата түсті. Ол өз кезегінде көрші елге кіріптарлықты жойып, жүк тасымалын оңтайландырып, жолаушылардың жүру уақытын айтарлықтай қысқартты. Өзім осы саланың ардагері болғандықтан, осы теміржол бойындағы бекеттер мен станцияларды аралап, олқылықтар болса жоғарыға жеткізу үшін жолға шықтым, – дейді Жұмабай Отарғалиев.

Велошабандоз аудан аумағындағы бекеттерді көзімен көріп, Әйтеке би ауданына қарай бет алды.

ПІКІР ЖАЗУ