"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Жасөспірімдер тәрбиесі: жауапкершілік пен қауіпсіздік

Ақтөбе қаласындағы №51 мектеп-гимназиясының кітапханасында «Қыз бала және қауіпсіз қоғам» тақырыбында кездесу өтті.

Басқосуға қаладағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспекторлар, 8-11 сынып оқушылары және ұстаздар қатысты.
Жиын барысында №1 қалалық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Аймереке Мұхамедқазина жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, буллинг пен ерте жүктілік мәселесіне тоқталып, заң алдындағы жауапкершілікті түсіндірді.
Инспектордың айтуынша, қыз балалар арасындағы келеңсіз әрекеттерге көбіне қоршаған ортаның ықпалы әсер етеді. Әсіресе бір-бірін балағаттау, қорқыту, ар-намысына тиетін сөздер айту сияқты әрекеттердің өзі құқықтық жауапкершілікке негіз болуы мүмкін екенін ескертті.
— Осы мектепте бұған дейін уақытша инспектор қызметін атқарған болатынмын. Қазіргі таңда қыздар арасындағы құқық бұзушылықтардың туындауына көбіне араласатын ортасы әсер етеді деп ойлаймын. Көп жағдайда жасөспірімдер бір-біріне дөрекі сөз айтып, қорқытудың өзі буллингке жататынын түсіне бермейді. Мұндай әрекеттер үшін заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Кәмелетке толмаған баланың жасаған әрекеті үшін ата-анасы да жауап береді. Жақында мектепте бір оқушы екінші оқушыға «Сенің қасыңа отыру жиіркенішті» деген сөз айтқан жағдай тіркелді. Бұрын мұндай сөздерге аса мән берілмейтін, алайда қазіргі заң талаптары өзгерді. Аталған жағдайға байланысты ата-аналарына әкімшілік хаттама толтырылды. Хаттама толтырылғаннан кейін міндетті түрде айыппұл салынады. Ол кемінде 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бекітілген. Сондықтан әрбір ата-ана баласының тәрбиесіне, мінез-құлқына және өзгелермен қарым-қатынасына жауапкершілікпен қарауы қажет, — деді Аймереке Мұхамедқазина.
Өз кезегінде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Венера Қалдина осындай тәрбиелік мәні бар кездесулердің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жасөспірім қыздармен ашық сөйлесіп, олардың көкейінде жүрген мәселелерді талқылау — тәрбие жұмысындағы маңызды бағыттың бірі. Мұндай кездесулер оқушылардың өз әрекеттеріне сын көзбен қарап, өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруына ықпал етеді.
Сонымен қатар ол қыз бала тәрбиесінің ұрпақ болашағымен тығыз байланысты екенін атап өтіп, Зейнеп Ахметованың тағылымды сөзін мысалға келтірді:
— «Қыз тәрбиелі болса, келін өнегелі болады. Келін өнегелі болса, ана парасатты болады. Ана парасатты болса, әже данышпан болады», — дейді. Бұл сөздің мәні қыз баланың бүгінгі тәрбиесі ертеңгі отбасының, келешек ұрпақтың тәрбиесіне негіз болатынында. Сондықтан әрбір қыз бойына ізеттілік, инабаттылық, жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттерін сіңіріп өсуге тиіс, — деді ол.
Кездесу соңында оқушылар мамандарға сауал қойып, тиісті жауап алды.

А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.