"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

ЭКОЛОГИЯ ЖАЙЫ АЙТЫЛДЫ

Хромтау қаласының әкімдігінде Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов Хромтау ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Бұл кездесу Қазақстан Республикасының Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылып, экологиялық мәселелерді талқылау және түсіндіру мақсатында өтті. Кездесуге ауданның тұрғындары, қоғамдық кеңес және өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында аудан тұрғындары қаланың экологиялық жағдайына алаңдаушылық білдірді. Әсіресе, «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинаты қызметінің нәтижесінде атмосфералық ауаның ластануы мәселесі жиі көтерілді. Тұрғындар өндіріс ошағының жұмысы қала ауасына айтарлықтай әсер етіп жатқанын және бұл жағдайдың денсаулыққа кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтты.

Ербол Қуанов тұрғындардың алаңдаушылығын түсініп, аталған мәселелер бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Ол ДТКБК кәсіпорынымен бірлесіп, №1 ұсақтау-байыту фабрикасында шаңдануды төмендетуге бағытталған «Жол картасының» әзірленгенін айтты. Жол картасында шаңдануды азайтуға арналған бірнеше іс-шара қарастырылған. Бұл шаралардың уақытылы және сапалы орындалуы қаладағы атмосфералық ауаның ластану деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Кездесу барысында ауданның қоғамдық кеңес өкілдері мен Дөң тау-кен байыту комбинатының қоршаған ортаны қорғау қызметінің сарапшысы Диана Истекова сөз сөйледі. Олар экология саласындағы жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстарын білдіріп, тұрғындармен бірге осы мәселелерді шешуге атсалысатындарын айтты.

Облыстың бас экологы экология департаменті мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасында өзара әрекеттестік экологиялық жағдайды жақсарту бағытындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Тұрғындар да өз тарапынан экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында белсенділік танытып, тиісті мекемелермен тығыз байланыста болуға дайын екендерін білдірді. Бұл іс-шаралар аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған және алдағы уақытта да осындай кездесулер өткізу жоспарланды.

Толғанай ЕСБОЛСЫН

ПІКІР ЖАЗУ