"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

КӨКТАУДА АУЫЗСУ ҚҰБЫРЫН АУЫСТЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚСЫЗ ҚАЛДЫ

Аудан әкімінің ауыл халқына тоқсандық кездесу жиыны Көктау ауылында қорытындыланды.

«Нұрлы көш» орта мектебінің ғимаратындағы кездесуде ауыл әкімі Бақытбек Осмаханов өз жұмысын баяндап, жергілікті тұрғындар аудан басшысына қойылған сауалдардан бөлек ұсыныс-тілектерін білдірді.

— Биыл Көктау ауылында орталық саябаққа күрделі жөндеу жұмыстары уақтылы жүргізілді. Сахна қайта жаңартылып, саябақты айнала жүгіретін арнайы үлкен жолақ орнатылды. Тағы бір шешімін тапқан мәселе — 1-шағын ауданда жаңадан салынған балалар ойын алаңының құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Одан бөлек «Жасыл аймақ» бағдарламасы аясында 10 гектар жерге 3 мың түп ағаш егілген болатын. Оларды күтіп ұстау мәселесі де басты назарда. Ауылдағы спорт кешені де «Ақтөбе құрылыс» мекемесі тарапынан кешенді жаттығу құралдарымен жабдықталды. Қазіргі таңда спорт кешенінде аптаның екі күні әйелдер, үш күн ерлер жаттығады, — деді Бақытбек Осмаханов.

Ауыл әкімі жарынға жоспарланған жұмыстар барысымен де бөлісті. Көктауға ауылішілік жолдарды салуда жергілікті «Ақтөбе мыс компаниясы» қолдау білдіріп, жалпы ауыл көшесінің 3 шақырымы жөнделген.

— Жөндеу жүргізілген көшелерге асфальт жабындысын салу жұмыстары жүйелі түрде кезеңімен жүргізілетін болады және аталмыш кәсіпорынмен бірлескен жұмыстар әрі қарай да өз жалғасын табады. Биыл ауылдағы ең күрделі мәселе — ауызсу құбырын ауыстыру жұмыстары аяқсыз қалды. Құрылысы басталған мәдениет үйі де жоспар бойынша келер жылы аяқталады деп күтілуде. Одан бөлек мал қорымын салу жобасы да жүзеге асады. Ауылда трансформатор жетіспеушілігі де байқалады. Соған орай келесі жылы электр жүйесіне де толықтырулар енгізілсе екен деп ұсыныс білдіреміз, — деді ауыл әкімі өз баяндамасында.

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов өз сөзінде ауылдағы мектептің күрделі жөндеуден өткенін айтып, келесі мәселе балабақшаны үлкейту бойынша жобаны алдағы уақытта жеке қаражат арқылы қарастыратынын алға тартты.

— Ауылдағы ең ауқымды мәселенің бірі — ауызсу. Бұл мәселені шешу үшін аудан бюджеті тарапынан ауыз су құбырын ауыстыру жұмыстарын жүзеге асырған болатынбыз. Алайда, мердігер мекеме аталған нысанды толық аяқтай алмауына байланысты келісімшартты бұзып, сот процесі басталды. Құбыр ауыстыру жұмыстары келесі жылы басқа мекеме арқылы жалғасын табатын болады. Уақытша шешім ретінде фильтр орнатқан болатынбыз. Алайда, жаз мезгілінде суды бау-бақша суаруға пайдаланатын тұрғындар қатары көп. Ал техникалық суды Ор өзенінен тарту жұмысы ауызсу құбыры жүргізілгеннен кейін басталатынын ескерсек, түсіністікпен қарауларыңызды өтінеміз, — деді аудан әкімі.

Аудан басшысының айтуынша, арнайы мамандардың көмегімен ауруы анықталған иттердің көзін жою мәселесі тұрақты түрде шешімін тауып жатыр.

Қазіргі таңда Көктауда 5 тұрғын үй босаған. Аудан әкімінің айтуынша, бұл үйлер арнайы құрылған комиссия шешімі арқылы кезекте тұрған адамдарға берілетін болады.

— Қазір аудан бойынша әртүрлі санатта 1265 адам үй алу кезегінде тұр. Кезекпен беру мәселесі әділ болуы — менің басты назарымда, — деді аудан әкімі.

Кездесуде ауыл тұрғындары жер беру мәселесін де көтерді. Аудан басшысы өз тарапынан жер телімдерінің бас жоспарға сәйкестігін тексеріп жатқандығын және қаңтар айынан бастап жер телімін алу үшін ауыл әкіміне өтініш жаза беруді айтты. Одан бөлек мал жайылымының тарлығы да талқыланды. Сала мамандарының айтуынша, Көктауда 9,6 мың гектар жер жеке қожалықтарға тіркелген. Ал аудан бойынша осы жылы игерілмеген 30 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған. Халық иелігіне қайтару жұмыстары өз жалғасын таба бермек.

ПІКІР ЖАЗУ