"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
АуылДенсаулықЖаңалықтар

АҚҚҰДЫҚТА МЕДИЦИНАЛЫҚ ПУНКТ АШЫЛДЫ

Биылғы жыл Аққұдық ауылы тұрғындары үшін оңды өзгерістермен есте қалмақ. Біршама әлеуметтік нысан жөндеуден өтіп, кәсіп көздері ашылды. Ең бастысы — ауылда жаңа медициналық пункт қолданысқа берілді. Бұған дейін ауыл тұрғындарына мектеп ғимаратының бір қабырғасында медициналық қызмет көрсетіліп келді. Енді оларға зәулім, жарық және заманауи құрылғылармен жабдықталған медициналық пунктте ем-дом шаралары жасалмақ.

Медициналық нысанның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов пен аудандық аурухананың бас дәрігері Мақсат Серғазин қатысып, жергілікті тұрғындарды көптен күткен қуаныштарымен құттықтады.

— Мемлекет басшысының бастамасымен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыс әкімі Асхат Шахаровтың қолдауымен Аққұдық ауылында жаңадан бой көтерген медициналық пункттің ашылуы — ұлт денсаулығының жаңа көрсеткіші. Медициналық ғимарат ауыл тұрғындарына тиімді медициналық қызмет көрсетеді деп сенеміз. Әсіресе ата-әжелеріміз кез келген мәселе бойынша аудан орталығына бармай-ақ, жергілікті дәрігерлердің көмегіне жүгіне алады,— деді аудан әкімі.

Аққұдықтағы медициналық пункт құрылысын облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен «BASPANA BUILD» ЖШС мердігер компаниясы жүргізген. Бас дәрігердің айтуынша, мұнда бір мезетте 30 адамды қабылдауға мүмкіндік бар. Қажетті заманауи қондырғылармен жабдықталған медициналық пункт алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Медициналық пунктте фильтр, егу, ем-шара мен дәрігерлік қабылдау бөлмелері орналасқан. Ауылға алғашқы медициналық көмек көрсету мақсатында жедел жәрдем көлігі де қарастырылған.

Жаңа нысанның ашылу салтанатынан соң аудан басшысы ауыл тұрғындарының ұсыныс-тілектерін тыңдау мақсатында және жылды қорытындылау үшін ақсақалдармен кездесті. Жиында ауылдағы біршама оңтайлы өзгерістерді көзбен көрген аудан әкімі келер жылы Аққұдықта ауылішілік жолдардың күрделі жөндеуі басталатынын айтты.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ