"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

КОМПАНИЯ ҚОЛ ҰШЫН БЕРДІ

Ақтөбе мыс компаниясы көктемгі су тасқынының зардабын жоюға 50 миллион теңге бөлді. Қаржылай көмектен бөлек, кәсіпорын су басқан аумақтарға арнайы техникалар жіберді, ал қызметкерлер қызыл сумен күресте тұрғындарға қол ұшын берді.

Хромтау ауданының Көктөбе ауылдық округінде жергілікті әкімдік және АМК қызметкерлері күшімен үйлер тасқын судан аман қалды. Ор өзенінің жағасын бекіту, бөгеттер құрылысы, адамдарды эвакуациялауға барлық қажетті техника жеткізілді, кәсіпорынның ондаған қызметкері жұмылдырылды. Қазір елді мекендерде абаттандыру, жолдарды қалыпқа келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Көктөбе ауылдық округінің әкімі Арыстанғали Зингиннің сөзінше, қатты су тасқыны салдарынан әйел, бала-шаға, қарттарды қауіпсіз орынға көшіруге шешім қабылданған: «АМК дер кезінде 2 рейстік және 1 вахталық автобус бөлді. Екі сағат ішінде 200-ден аса адам Көктау ауылындағы эвакуациялық бекетке жеткізілді». Шынжырлы, дөңгелекті бульдозерлер және тиегіш көліктер ауылда 4 күн бойы табиғат апатымен күресті. Қиыршық тас тасып, өзен жағасын бекітіп, бөгеттер салды. Майтөбе ауылының тұрғыны Сағынтай Қанатбаев 1998, 2000- жылдардағы көктемгі су тасқынын еске салды. Бірақ оның айтуынша биылғыдай қауіп төнбеген. «Су деңгейі  жылдам көтерілді. АМК қызметкерлері күні-түні жұмыс жасады. Техникалар күзетте тұрды. Су қайтып жатқанда да олар жұмысты тоқтатқан жоқ. Ауыл осындай іс-қимыл арқасында аман қалды», – дейді ол.

Ақтөбе мыс компаниясы қызметкерлері әрдайым көмек қолын созуға дайын. Ақпанның ақтүтек боранында да арнайы техникалар көмегімен Хромтау ауданы үстімен өтіп жатқан республикалық тас жол аршылып, қар құрсауында қалған көліктер мен жолаушылар құтқарылды. Ал кәсіпорын еріктілері жолда қалғандарды ыстық тамақпен қамтыды.

Ләззат ӘБДІРОВА

ПІКІР ЖАЗУ