"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Мәңгі есте!

Жеңіс күні қарсаңында «Ақтөбе мыс компаниясы» мен «КазГеоруд» ЖШС қызметкерлері дәстүрге сай Ұлы Отан соғысы ардагері мен тыл еңбеккерлерін құттықтады. Кәсіпорындар өкілдері қарияларға еңбек пен ерліктері үшін алғыс айтты.

Компания атынан Көктау, Майтөбе, Қопа, Тамды ауылдары және Хромтау қаласында 22 адам айтулы датаға орай көмек алды. Олардың арасында тыл еңбеккерлері, балалық шағы соғыс жылдары өткен қарттар және Ақтөбе облысында көзі тірі жалғыз ҰОС ардагері Василий Грецкий бар.

Қызметкерлер осындай жүздесулер адал достықтың, құрмет пен таза еңбектің қадірін ұғынуға септік ететінін жеткізді.

«Әріптестеріміз жыл сайын зейнеткерлердің шаңырағына оларды жеңіс күнімен, қарттар күні секілді мерекелермен құттықтап баратынын білемін. Биыл өзім де еріктілер қатарына қосылып, бізге сыйлаған бейбіт өмір үшін аталарымыз бен әжелерімізге алғыс білдіру мүмкіндігіне ие болдым,» – дейді АМК маманы Әйгерім Есенқұлова.

Қарттарға көмек Ақтөбе мыс компаниясының 9 мамырға арналған жалғыз шарасы емес. Кәсіпорын жыл сайын ҰОС мерт болған қазақстандықтар туралы естеліктерді жаңғыртып жүрген «Әлия» іздестіру жасағына қолдау білдіруде.

26 сәуірде іздеу жасағының мүшелері Новгород облысына экспедицияға аттанды. Олар 1942-ші жылы Ақтөбеде құрылған 74-ші дербес теңіз атқыштар бригадасы жауынгерлері ұрысқа қатысқан Парфин ауданында қазба жұмыстарын жүргізеді.

Гумер Галеев, «Жауынгерлік бауырластық» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы:

«Ұлы Отан соғысы Кеңес дәуірінде өмір сүрген әр отбасының ортақ тарихы. Бірақ уақыт өте естеліктер солғын тартып барады, ардагерлеріміз жоқтың қасы.  Сондықтан естеліктерді сақтап, жастарымызға тәрбие беру маңызды. Соғыстан оралмаған ата-бабасының жерленген жерін іздеп әлі күнге дейін бізге жүгініп жүрген туыстар үшін де естелік маңызды.»

«Әлия» жасағы 30 жылдан астам уақыт ішінде Новгород, Псков, Тверь, Калуга, Смоленск және басқа облыстардағы іздеу жұмыстарына қатысты. 3000-нан астам сүйек қалдықтары жер бетіне шығарылды, оның ішінде табылған медальондар көмегімен 102 жауынгермен қолбасшы анықталды. Құрамында мектеп оқушылары мен студенттер бар жасақ мүшелері іздеу жұмыстарынан бөлек майдан даласына барып, бауырластар зираттарын аралап, ескерткіш тақталар орнатады. Ақтөбе мыс компаниясы «Әлия» іздестіру жасағына ұзақ жылдар бойы қолдау көрсету арқылы, ҰОС естеліктерін сақтап, жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеуге үлес қосып жүр.

ПІКІР ЖАЗУ