"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Саясат

КӨШЕЛЕР ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛЫП, СУ ҚҰБЫРЫ ЖАҢАРТЫЛАДЫ

Аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов аудандық мәслихаттың кезектен тыс 16-сессиясына қатысты.

Кезектен тыс сессия отырысында аудандық мәслихаттың «2024-2026 жылдарға арналған Хромтау ауданының бюджетін бекіту туралы», «Хромтау қаласының бас жоспарын бекіту туралы» шешімдеріне өзгерістер енгізу және көктемгі далалық жұмыстарға дайындық барысы туралы баяндамалар талқыланды.

Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Кенжетай Тілеубаевтың мәлімдеуінше, аудандық қаржы қамбасы 4-деңгейлі бюджет болғалы тұр. Облыстық бюджеттен жалпы сомасы 1,8 млрд теңге бірнеше маңызды нысандарға бөлінбек.

— Қопа ауылының көшелерін жарықтандыру мен Жазық ауылының су құбыры желілерінің құрылысы, Абай ауылы су құбыры желілерін қайта жаңарту, Аққұдық ауылына кіреберіс автомобиль жолын жөндеу секілді маңызды мәселелерге қаражат жұмсау көзделуде, — деді сала басшысы өз баяндамасында.

Одан бөлек, Хромтау қаласына бірыңғай сәулеттік стиль жасау туралы аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Әліби Аманшиев «Хромтау қаласының бас жоспарын бекіту туралы» шешімге өзгерістер енгізу туралы баяндады.
Сессия отырысында депутаттар аудандық маңызы бар ауыларалық жолдардың күрделі және ағымдағы жөндеу жоспарын қайта қарауды ұсынды. Себебі, көктемгі су тасқыны кезеңінде жолдарда су өткізу құбырларының жетіспеушілігі байқалғаны рас. Нұрхан Тілеумұратов бұл мәселенің өзекті екенін ескертіп, төтенше жағдайдағы аудан резервін де қайта қарауды ұсынды.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ