"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Спорт

МҰЗДАҒЫ ШАЙҚАСТЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

Допты хоккейден жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінен аудан құрамасы олжалы оралды.

Дәстүрлі біріншілік биыл Алматы қаласында ұйымдастырылған болатын. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген құрамалар өзара бақ сынасып, жарыс нәтижесінде ауданымыздың жас спортшылары топ жарды.

Допты хоккейден аудан құрамасының жаттықтырушылары — Данияр Молдашев пен Сұлтан Қадыржановтардың тізе қосып, тер төгуінің арқасында аудан құрамасы осындай жетістікке жетті. Олар — өздері де жоғары деңгейде мұз айдынында ел намысын қорғаған кәсіби ойыншылар.

Дүбірлі додаға Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы мен Ақмола облыстарының құрама командалары жарыс ережесі бойынша айналмалы жүйе әдісімен екі ойыннан кездесулер өткізді. Тартысқа толы өткен бәсекенің ақтық сынында жерлестеріміз мұз айдынының қожайындарын айқын басымдықпен жеңді.

Дәстүрлі түрде өтетін жарыстың бұл жолғы шымылдығы Алматы қаласында ашылды. Құрлық бірінш— іліктерін қабылдап жүрген жергілікті ұйымдастырушылардың тәжірибесіне сын айту қиын. Барлығы жоғары деңгейде өтті. Әсіресе, әлемдік стандартқа негізделген мұздың сапасы көңілден шықты. Шәкірттеріміз де бар үмітті ақтады. Осындай нәтиже көрсетіп жүріп, біріншілікті өз «үйімізде» де өткізгіміз келеді, — деді аудан құрамасының жаттықтырушысы Данияр Молдашев.

Бірнеше күнге созылған жарыс нәтижесі бойынша жерлестеріміз алтыннан алқа тақса, Алматы құрамасы күмісті қанағат тұтты. Жүлделі үшінші орынды Петропавл қаласынан келген ойыншылар иеленді.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне медаль мен кубоктан бөлек, бағалы сыйлықтар да табысталды. Жекелей сында көзге түскен ойыншылар да марапатталып, ұлттық құрама сапына өз кандидатураларын дәлелдеді.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ