"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Мәдениет

БРЕНДКЕ АЙНАЛҒАН ӘН БАЙҚАУЫ

Бөгетсайлық ақын Қызмет Нұралиннің құрметіне өткізілетін дәстүрлі «Еркелей аққан Ор өзені» ән байқауы биыл да 16-рет республикалық дәрежеде ұйымдастырылды. Күміс көмей, жез таңдай әншілердің басы қосылған ән додасына еліміздің әр түкпірінен және өңіріміздің аудандарынан келген 11 қатысушы конкурстық ән шырқаудан бақтарын сынады. Әділ төрелігін танытқан қазылар алқасы да осал болмады. Әлемге әйгілі Димаш Құдайбергеннің ұстазы Марат Әйтімов бастаған қазылар жергілікті композиторлардың репертуарынан және эстрадалық бағыттағы әндерге баға берді. Ұйымдастыру алқасы конкурс аясында аудандық мұражай қызметкерлерінің көмегімен Қызмет Нұралиннің шығармашылығымен таныстыру мақсатында көрме ұйымдастырды. Көрмеде ақынның қолжазбалары мен өмірде қолданған дүниелері көрсетіліп, жиналған қауымға тың деректер де айтылды.

Ауданның брендіне айналған аталмыш конкурстың ашылу салтанатына аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов, мәдениет саласының ардагері, ауданның құрметті азаматы Болат Ашабаевтар арнайы қатысып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бұл байқау біздің мәдени өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ол жас таланттарға қолдау көрсетіп, еліміздің әр өңірінен келген өнерпаздарды бір сахнада біріктірді. Біз үшін Қызмет Нұралин ағамыздың 85 жылдық мерейтойын осындай ауқымды шарамен атап өтуі үлкен мәртебе. Барлық қатысушыларға шығармашылық табыс тілеймін, – деген аудан басшысы Қызмет Нұралиннің қызына сый-сияпат табыстады.

Ал бұл байқауға аудан намысын қорғаған аудандық мәдениет үйінің әншісі Мәдина Бітімова абыроймен қатысып, жүлдегерлер қатарына ілікті. Оның айтуынша, репертуар таңдауда біршама қиындықтар болған. Себебі, конкурс талаптары мен ережелері Мәдинаның өз жеке репертуарына әсер еткен.

– Туған жерде өнер көрсету кім-кімге де оңай соқпайтыны анық. Үлкен қорқыныш болғаны рас. Бірақ осы жолда маған көмек көрсеткен, демеу білдірген шығармашылық ұжымға алғыс білдіремін. Бұл ұжымның жеңісі деп білемін,– деген Мәдина басқа да конкурстарда бақ сынап көргісі келетінін жеткізді.

Екі айналымнан тұрған ән сайысының қорытындысы бойынша Орал қаласының тумасы Мирас Ажиков «көрермен көзайымы» атанса, Қобда ауданын танытқан Нұржан Әбжан мен Түркістан облысының өкілі Айдос Әлқуат жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Ал жерлесіміз Мәдина Бітімова күмісті қанжығаласа, бірінші орынды Атырау облысының әншісі Мұратбек Жұмашев иеленді. Ал бас жүлде Алға ауданынан келген Жақсылық Маратқа бұйырды. Одан бөлек, сайысқа қатысқан барлық конкурсанттарға бағалы сыйлықтар табысталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ