"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ЖаңалықтарКәсіп

Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрді

 

 

 

 

 

 

 

 

Елімізде кәсіп бастауға ынталы азаматтарға түрлі мемлекеттік бағдарламалар қарастырылған. Өз ісін өрістетуді мақсат еткендер қарым-қабілетіне сай саланы таңдап, кәсібін дөңгелетіп алып кетсе болғаны. Оған мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп, табысты кәсіп жүргізіп отырған жерлестеріміз дәлел. Мәселен, кондитерлік өнімдерді әзірлеумен әуестенетін қала тұрғыны Салтанат Әбілқайырова осыдан бірнеше жыл бұрын «Бизнес бастау» бағдарламасына қатысып, қызығушылығын кәсіпке айналдырды. Бүгінде Салтанат өзінің «Балқаймақ» кондитерлік дүкенін сәтті жүргізіп отыр. Сонымен қоса, жақында ол 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант қаражатына ие болып,  кішігірім пэт-бутылка зауытын ашты.

Салтанат Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінің түлегі. «Дизайн-интерьер» мамандығы бойынша білім алған ол колледждегі алғашқы жылдардан бастап өзі оқып жатқан саланы ұнатпайтынын түсінеді. Десе де, ештеңеге қарамастан, бастаған ісін соңына дейін жеткізуді ұйғарады. Оқып жүрген кезінде жанына жақын саланы табуды көздеп, әртүрлі салаларда жұмыс жасап көреді.

 – Шындығын айтқанда, мектептен кейін қандай мамандыққа оқуға барарымды білмедім. «Дизайн-интерьер» мамандығын ол  қыз балаға сай келетіндей көрінгесін таңдадым. Колледждегі бірінші, екінші курстарда бала күтуші, сатушы және тағы да басқа жұмыстарды жасап көрдім. Ал үшінші курста кондитерлік өнімдерді пісіруге қызыға бастадым. Өйткені сол кездерден бастап нарыққа жаңадан енген, жаңаша әдіспен әзірленетін торттар халық арасында кең сұранысқа ие болды. Осы саланы игеру үшін кондитерлерге арналған екі күндік шеберлік-сыныбына жазылдым. Одан кейін оңай дайындалатын торттарға тапсырыс алып, бірте-бірте күрделі торттарды да пісіруді үйрендім. Кейін Астана қаласына барып, шеберлік-сыныбы арқылы кондитерліктің қыр-сырын біліп келдім, – дейді ол.

Мамандық таңдау әсте оңай емес. Мектепті енді аяқтаған түлектер тұрмақ, ересектер де өмірден өз орнын таппай жатады. Сондықтан өмірлік істі табу – өз алдына бір биік мақсат десек, қателеспейміз. Ал бұл мақсатқа ізденімпаз, еңбекқор, қайсар әрі өжет жандар ғана қол жеткізеді.  Аталған қасиеттер кейіпкеріміздің де бойынан табылады. Олай дейтініміз, Салтанат әуелде мамандық таңдаудан жаңылса да, «бұйырғаны» деп, өмірдің ағынымен кете берген жоқ, өз мұратына жете білді.

Ол дипломын қолға алғаннан кейін Хромтау қаласына қайта оралды. Студент шағында бастаған ісін жалғастырып, өнімдерін қала тұрғындарына ұсынды. «Бизнес бастау» бағдарламасына қатысып, бизнес негіздеріне үйренді, 505 мың теңгелік грантқа ие болды. Кәсібін жетілдіруді көздеп, грант қаражатына қажетті құрылғыларды сатып алды.

 – «Бизнес бастау» бағдарламасы жайында таныс қыздардан естідім. Ол бағдарламаның енді-енді жүзеге асырылып жатқан кезі еді. Мен бағдарламаға қатысуға ғаламтор арқылы өтініш бердім. Бағдарлама бойынша оқу барысында біз бизнесті оңтайлы жүргізу жайында ақпарат алдық. Сондай-ақ қатысушылардың барлығына шәкіртақы төленді. «Бизнес бастау» бағдарламасы кәсібімді әрі қарай жүргізіп кетуге керемет мүмкіндік болды. Өйткені мен Ақтөбе қаласында оқып жүргенімде торттарды туыстарымның үйінде пісіретінмін. Ал бағдарламадан кейін өзіме миксер мен пеш сатып алдым, – дейді Салтанат.

 Қазіргі таңда Салтанат дайындаған тәттілер халық арасында кең сұранысқа ие. Ол күніне жалпы есеппен отыздан астам торт пісіріп, сатады. Әрине, оның барлығын өзі әзірлемейді, кәсіпкер алты адамды жұмыспен қамтып отыр.

– Бастапқы кезде дайындалу жолы күрделі бір тортты пісіріп, безендіру үшін 10-12 сағат отыратынмын. Соның өзінде айына 200 мың теңгеге дейін табыс табатынмын. Уақыт өте тапсырыс саны күн санап артып, тапсырыс берушілер дүкен ашуымды сұрай бастады. Сұранысты ескеріп, орын іздеп, «Көк үй» ғимаратының ішінен бір нүкте алдым. Ол жерде дүкенші жұмыс жасайды. Тапсырыс көбейгендіктен, тәттілерді үйден дайындау қиындап кетті. Сондықтан бөлме алып, жаныма бірнеше қызды шақырып, оларды кондитерлік шеберлікке үйреттім. Аптаның алғашқы бес күнінде де жұмыс қызып жатады, бірақ демалыс күндері одан да көп. Өйткені тойға тәттілер жасаймыз. Тәттілерді жоғары сапалы, табиғи өнімдерден әзірлейміз, – дейді ол.

Жаңашылдыққа жаны құмар Салтанат кәсібін көркейту жолдарын, жаңа мүмкіндіктерді іздеуді тоқтатқан емес. Ол үнемі ғаламтордан мемлекеттік бағдарламалар жайында біліп, өзіне қажет ақпараттарды зерделеп отырады. Осы жолы да кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қатысуға өтінішті ғаламтор арқылы беріп, бес миллион теңгеге ие болды.

          – Мемлекеттік бағдарламалар арқылы ірі көлемдегі қаржыға ие болу үшін халыққа аса қажет немесе өңірде бұрын-соңды болмаған бизнес жоспарыңды ұсынуың керек. Мен Ютубтан саналуан кәсіп түрін қарап көрдім. Соның арасынан пэт-бөтелкелерді таңдап алдым. Пэт-бөтелке дегеніміз – қарапайым пластикадан жасалған бөтелкелер. Оның шикізатын Қытай елінен немесе Алматы қаласынан алдыртуға болады. Шикізатты бөтелке жасап шығаратын құрылғыда орналасқан пешке саламыз, дайын болып қалған дүниені компрессор үріп береді. Міне, сол құрылғыны грант қаражатына сатып алдық. Менің уақытымның басым бөлігі тәттілерді дайындаумен өтеді. Ал зауыттың жұмысымен жолдасым айналысады. Біз бөтелкенің бір данасын 80 теңгеден сатамыз. Оны көбіне сүт өнімдерін шығаратын шаруа қожалықтары алады, – дейді кәсіпкер.

Ж. Өтеулі

 

 

 

 

 

ПІКІР ЖАЗУ