"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Саясат

КЕЗЕКТЕН ТЫС СЕССИЯ ОТЫРЫСЫ

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезектен тыс жиырма бірінші сессиясы өтті. Бұл жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды мәселелер қаралды. Кезектен тыс сессия жұмысына аудандық мәслихат депутаттары, қала және ауылдық округ әкімдері және аудан әкімінің орынбасары Адайбек Есенаманов қатысты.

Аудандық мәслихат төрағасы Елмұрат Болатовтың төрағалық етуімен өткен сессия барысында 2024-2026 жылдарға арналған Хромтау қаласы мен ауданға қарасты ауылдық округтердің бюджеттеріне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Қала және ауылдық округтердің әкімдері өз аймақтарының бюджеттеріне қатысты өзгерістерді түсіндіріп өтті.

Баяндамашылар бюджеттік қаражаттарды дұрыс және тиімді игеру мәселелерін, сондай-ақ алдағы жылдарға арналған даму жоспарларын кеңінен талқылады. Депутаттар әкімдердің баяндамалары бойынша сұрақтар қойып, бюджеттің тиімділігін арттыру жолдарын қарастырды. Халық арасында жиі көтерілетін жол, су, жарықтандыру сияқты инфрақұрылымдық мәселелердің шешілуі де басты назарда болды. Бұл мәселелердің шешілуі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды факторлар ретінде бағаланды.

Сессияда аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Хасанов 2023 жылғы «Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» шешіміне енгізілетін өзгерістерді таныстырды. Бұл өзгерістер сайлау процестерінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге арналған. Сайлау комиссияларының жұмысының сапасы да ерекше назарда болды.

Жиынның қорытындысында аудандық мәслихат төрағасы Елмұрат Болатов бастаған халық қалаулылары барлық қаралған мәселелерді дауысқа салды. Депутаттар қабылданған шешімдер арқылы өңірдің дамуына жаңа серпін беріп, әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық өсуді қамтамасыз етуге үлес қосуды көздеп отыр.

Толғанай ЕСБОЛСЫНҚЫЗЫ

ПІКІР ЖАЗУ