АСТАНА.KAZINFORM — Түркі мемлекеттері ұйымы геосаяси жоба немесе әскери ұйым емес. Ол — бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын маңызды алаң. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістанда өтіп жатқан бейресми саммитінде мәлімдеді.

Оның сөзінше, Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын жан-жақты дамытуға мүдделі.
— Бүгінде біздің ұйымға халықаралық қауымдастық сенім білдіріп отыр. Абырой-беделіміз де артып келеді. Осы орайда, Қазақстан Ресейдің «Алтай — түркі өркениетінің бесігі» жобасына оң көзқарасын білдірді. Бұған қоса, біз «Алтай — сұхбат алаңы», яғни диалогы форумын құру жөніндегі ұсынысымызды жарияладық, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге, Қазақстан Түркияның «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын құру бастамасын да құптайды.
— Еліміз Түркияның ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын құру бастамасын қолдады. Осы форматқа қосылуға ниет білдірген мемлекеттер мен ұйымдарға қатысты нақты өлшемдер болуы қажет деп санаймын. Ең бастысы, жаңа форматтың жұмысы ұйымның мақсаттары мен міндеттеріне сай келіп, кері әсерін тигізбеуі керек. Мысалы, соңғы уақытта Түркі мемлекеттері ұйымын әскери ұйым ретінде сипаттайтын пікірлер айтылып жүр. Олардың теріс пейілі бізге анық. Мақсаттары елдестіру емес екені де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығаруы керек деп санаймын. Біз үшін түркі әлемінің бірлігін нығайту аса маңызды, кезек күттірмейтін басымдық. Түркі мемлекеттері ұйымы геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл — бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын маңызды алаң. Мұндай ұстаным — еліміз үшін маңызды басымдық. Себебі, бұл ұлттық мүдде тұрғысынан да тиімді екенін анық, — деді Мемлекет басшысы.
Оның мәлімдеуінше, түркі әлемі әрдайым ынтымақ-бірліктен айрылмауы керек.
— «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген аталы сөз бәрімізге ортақ. Түркі әлемі әрдайым тату болып, алға қойған мақсатынан ауытқымай, бірлесе дами беру керек. Сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдеріміздің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз, — деді Президент.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру жөніндегі мәлімдемесін жариялағанбыз.
https://kaz.inform.kz/news/turk-alemnn-brlgn-nigaytu-asa-manizdi-memleket-basshisi-c0bd1b05
