"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Спорт

Хромтаудағы футбол атмосферасы

Хромтаудағы футбол атмосферасы

Хромтауда үлкен футбол  жанданып келеді. Стадионда жанкүйерлердің қолдау дауысы естіліп, жергілікті тұрғындар өз командасын демеу үшін матчтарға жиналуда.  Бұл – «Ақтөбе мыс компаниясының» арқасында мүмкін болды. Кәсіпорын «Хромтау» футбол клубының бас демеушісі атанды.

Жаңа «Хромтау» футбол клубы Қазақстанның екінші лигасында өнер көрсетуде. Команда жақында ғана құрылғанына қарамастан, жақсы нәтижелер көрсетіп үлгерді: өткізілген 8 матчтың басым бөлігі жеңіспен аяқталған.

Хромтау ауданы әкімдігі мен АМК басшылығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжаттың басты мақсаты – дене шынықтыру мен спортты дамыту, сондай-ақ аудан балалары мен жастарына жаңа мүмкіндіктер жасау.

«Хромтау, жалпы Ақтөбе өңірі үшін футбол жай спорт емес. Сондықтан бүгінде өңірлік команданы қолдау үшін күш біріктіріп отырғанымыз маңызды», – деді «Ақтөбе мыс компаниясының» бас директоры Фарит Суфьянов.

АМК футбол клубын қолдау – компанияның өңірдегі ауқымды әлеуметтік жұмысының бір бөлігі екенін атап өтеді. Кәсіпорын теннис және шахмат федерацияларымен  бірлесіп балалар мен жасөспірімдер арасында үлкен теннис турнирлерін, сондай-ақ халықаралық шахмат жарыстарын, соның ішінде «Aktobe Open. Дворкович мемориалы» турнирін тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.

Сонымен қатар компания Көктау, Көктөбе және Қайыңды ауылдық округтеріндегі мектептер мен спорт секцияларына қажетті спорттық жабдықтармен көмектеседі. Көктау ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені толық жабдықталып, онда күрес, волейбол, футбол секциялары мен тренажер залы жұмыс істейді.

Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратов бұл жобаның ұзақ мерзімді болашағы бар екенін атап өтті: «Хромтау – тарихы бар клуб. АМК секілді әлеуметтік жауапты кәсіпорындардың арқасында біз жаңа команданы дамытып, балалар мен жастарды спортқа тарта аламыз», — деді аудан әкімі.

Бүгінде «Хромтау» – облыстағы кәсіби футбол командасы бар жалғыз аудан орталығы. Бұл – қаланың жаңа футбол тарихының бастамасы ғана.