"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Қоғам

ТАЗАЛЫҚҚА ТИЯНАҚТЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен аудан әкімдіктеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастау жөніндегі тапсырмасына сәйкес аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың төрағалығымен жиын өтті.

Жиынға аудандық мекемелер мен бөлім басшылары, құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар құрылымының басшылары, ірі кәсіпорын өкілдері мен шаһар басшысы қатысты. Ал ауылдық округ әкімдері «zoom» платформасы арқылы онлайн форматта қосылды.

Бүгінгі күні тазалыққа қатысты ұйымдасқан ауқымды іс-шаралар республикалық деңгейде жүзеге асуда. Биыл сенбілік жұмыстары екі айлық «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы атауымен өткізіліп, әр аптаның өзіндік тақырыбы мен межелі мақсаты бекітілді. Жиында сөз сөйлеген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұргүл Сейітқали жұмыстардың арнайы құрылған медиа-жоспар бағытымен жүргізілетінін алға тартты.

— Сенбіліктің алғашқы аптасы «Таза өлке» атауымен өткізілетін болады. Тұрғындар, қоғам қайраткерлері, ұйымдар мен кәсіпорындар өз аумақтарын, аулаларын тазалайды. Ал келесі «Киелі мекен» апталығы тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады. Сәуірдің 27-не дейінгі үшінші апта «Жасыл аймақ» деп аталып, ағаш көшеттерін егу, екпелерді әктеу жұмыстары жүргізіледі. Тазалық акциясының келесі аптасы «Өнегелі ұрпақ» тақырыбы аясында ардагерлер аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын жинау және абаттандыру ұйымдастырылады. Ал соңғы апталыққа «Мөлдір бұлақ» атауы беріліп, өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылмақ, — деді сала басшысы.

Қала аумағын тазалау барысын ұйымдастыру бойынша баяндама жасаған Хромтау қаласының әкімі Сағындық Шабықбаев әр мекеме ұйымдарына бекітілген учаскелерді атап өтті. Сонымен қатар қала басшысы екі айлық тазалау жұмыстары кезінде қоқыс пен қатты тұрмыстық қалдықтар қалалық полигонға тегін қабылданатынын хабарлады.

Аудан басшысы жиынға қатысушыларға белгіленген аумақтарға тазарту жұмыстары мен тұрғындарға түсіндіру іс-шараларында тиянақтылық пен белсенділік танытуын тапсырды.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ