"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ЖаңалықтарҚоғамХабарландыру

«TUGAN QALA BIRLESTIK»: ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫЛАУ ӨТТІ

«Tugan Qala Birlestik» жобасы аясында тұрғындармен қоғамдық талқылау жұмыстары жалғасуда. Жобаның екінші талқылау сессиясы бұл жолы Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің ғимаратында өтті.
Сексеннен астам тұрғын қатысқан жиында хромтаулықтар сауалнама нәтижесінде
«жандандыруды қажет» деп таныған 3 нысанда «қандай қоғамдық орындар болады?» деген сұраққа бірлесе жауап іздеді. Қаражат көлемі 100 миллион теңгені құрайтын жобаға ыңғайластыра отырып өз идеяларымен бөліскен халық
жұмсалатын соманы есептеуді де қолға алды. Мәселен, ағайынды Жұбановтар
көшесі бойындағы локация көгалдандыру жұмыстарын талап етеді. Бұл — жиынға
қатысқан тұрғындар пікірі. Аталмыш нысанға абаттандыру жұмыстары жасалса,
үлкен қалалардағыдай Арбатқа айналары сөзсіз. Сондай-ақ вандализмге төтеп
бере алатын шахмат, тоғызқұмалақ сияқты үстел ойындарына арнайы күркелер
орнату туралы ұсыныстар да айтылды.
Ал «Ескі балалар қалашығын» жаңартушылар тобы қалашық концепциясын сақтай
отырып, балаларға арнап заманауи әткеншектер, күннен және жауын-шашыннан
қорғайтын самалжайлар орнатуды қалайды. Егер бюджеттен бөлінген қаражат
артылып жатса, кішігірім сахна қойса деген тілектерін жеткізді.
Орталық саябақты қайта қалыпқа келтіруді қалайтын қауым шахтердің қорғаныс
қалпағы кейіпіндегі ескерткіш орнатуға ұсыныс білдірді. Тұрғындардың айтуы
бойынша аталмыш нысан болашақта Астананың «Бәйтерегі» сияқты «қаланың
бойтұмары» болады. Үшінші топтың ұсынысы бұнымен ғана шектелмеді. Қалада
балалар мен ересектер үшін альпинист қабырғалары, яғни скалодромның
болғанын қалайды. Орталық саябақта ана мен бала бөлмесі мен жылы әжетхана
сияқты инфрақұрылымдық нысандар артық етпейтіні де көпке мәлім.
Халықтың берген ұсыныстары арасынан жүзеге асатын жоба келесі қоғамдық
талқылауда таңдалады деп жоспарлануда. Аталмыш жобаларды қаланың кешенді
дамуы үшін ресурстармен қамтамасыз ету жөніндегі бас жоспарына сәйкестендіру
мақсатында өтетін соңғы басқосу 18 қарашаға жоспарланған.
Толғанай ЕСБОЛСЫНҚЫЗЫ

ПІКІР ЖАЗУ