"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
БілімЖаңалықтар

АРДАГЕР ҰСТАЗДАРДЫҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

 

Ауданда оқу-ағарту саласы бойынша облыстық ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысы өтті.

Саналы ғұмырын ағартушылыққа жұмсаған өңірдегі үздік ұстаздар ауданның білім саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, оқытушылардың  оқу-әдістемелік жұмыстарын бағалады.

Ауданымызда ардагерлер кеңесіне 225 ұстаз тіркелген. Аталған кеңес білім ұйымдарымен бірлесе отырып, зейнеткер ұстаздармен байланыста болуды басты назарға қояды.

Делегация Дөң ауылындағы мектеп-гимназия мен аудан орталығындағы білім ордаларын аралап, озат оқушылармен және ұстаздармен кездесті. Кездесу барысында ұстаздар қауымы жас мұғалімдерге тәжірибесімен бөлісті.

Көшпелі кеңеске қатысушылар одан әрі Хромтау тау-кен техникалық жоғары  колледжінде болды. Оқу ордасының тарихымен және материалдық-техникалық базасымен танысып, мамандықтар туралы толық мағлұмат алды. Ардагер ұстаздар колледж оқушылары үшін мұндағы мүмкіндіктерге ризашылығын білдірді. Көшпелі отырыс №7 Хромтау мектеп-гимназиясы базасында жалғасты. Отырысқа сала ардагерлерімен қатар, аудандық білім бөлімінің басшысы Нұргүл Қалниязова мен аудан әкімінің орынбасары Қабыл Мадияр қатысып, аудандық оқу-ағарту саласы бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ізтілеуовтер осы жылда атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

— Жыл ішінде аудандық ардагерлер кеңесі өзінің құзіреттілігіне сай аудандық білім бөлімімен келісе отырып, Дөң, Бөгетсай, Көктау, Ақжар және Хромтаудағы білім ордаларының ардагерлерімен көшпелі кеңестер өткізіп, аталған мектептердің қазіргі жағдайымен, оқу-тәрбие жұмыстарымен танысты. Мектеп әкімшіліктері мен кәсіподақ ұйымдары зейнеткерлердің еңбек жағдайы мен құқығын қорғау, ардагерлердің қоғамдық өмірге белсене араласуын, мерекелердегі құрмет көрсету шараларының іске асырылу барысымен таныса отырып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Аудандық білім бөлімі, мұғалімдер кәсіподағы және ардагерлер кеңесінің жұмысын аудан бойынша өткізіліп жатқан іс-шаралардан байқауға болады. Әр мереке сайын, әсіресе, мұғалімдер күні мен қарттар күніне мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, 100-ге жуық ардагер марапатталады, — деді Серік Ізтілеуов.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы нақты атқарылған жұмыстарды да атап өтті. Мәселен, аудандық білім бөлімінің 2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша ұйымдастырылған «Кемел келешек — білімде» атты дарындылар күніне арналған слетіне ардагерлер белсене қатысқан. Жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу мақсатында Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Есболсын Қозбағаровты еске алу үшін жыл сайын аудан мектептері мұғалімдері арасында волейбол турнирі дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.

— Дөң мектеп-гимназиясы әкімшілігінің ұсынысымен және ардагерлер кеңесінің қолдауымен былтыр Дөң мектеп-гимназиясында ардагер ұстаз «Қазақстан мұғалімі-2021» ұлттық байқауының грант иегері, математика пәнінің мұғалімі Серғазы Баярстановтың есімі берілген математика кабинеті ашылды. Ардагер ұстаз ұтып алған грантына оқу кабинетін заманауи талапқа сай жабдықтармен жабдықтады. Сонымен қатар математика пәніне қызығушылықты арттыру мақсатында 5-8 сынып оқушылары арасында ардагер ұстазымыздың атына олимпиада өткізу дәстүрге айналды, — деді ұйым басшысы.

Көшпелі отырысқа жиналған ардагерлер тарапынан да сұрақтар қойылды. Мысалы, зейнетке шыққаннан соң емдік-сауықтыру орталықтарына жолдама мәселесі көп қозғалды. Шешу жолдары да талқыланды. Облыстан келген ұстаздар да игі-тілегін білдіріп, аудандық ардагерлер ұйымына алғысын білдірді. Шара соңында Мадияр Қабыл мен Нұргүл Қалниязова ардақты ұстаздар қауымына алғыстарын білдіріп, оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен марапаттады.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ