"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ҚоғамМәдениет

ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Ұлттық мерекеге орай Кеншілер мәдениет үйінде  «Мәңгілік ел — мәңгілікке аманат» тақырыбында салтанатты шара өтті.

Әнұранға бойтүзеумен басталған мерекелік концертте аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов: «1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қастерлі Тәуелсіздігімізге жол ашты. Сондықтан бұл тарихи құжаттың мән-маңызы зор. Республика күні — халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын ұлттық мереке», — деп хромтаулықтарды құттықтады.

Аталмыш шарада ауданымыздың дамуына зор үлес қосып, еңбек етіп жүрген  мамандар марапатталып, алтын құрсақты аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілері табысталды. Сондай-ақ, алғаш рет «мемлекеттік қызметші» атанғандар ант қабылдап, Жансая Диярова — Абай ауылдық округінің бас маманы, Назерке Мұрат — Қопа ауылдық округінің бас маманы лауазымына тағайындалды.

Ұлттық мерекені ұлықтау салтанатында өнерпаздар келген қонақтарды өз өнерлерімен қуантып, әннен шашу шашты. Жетесовтар отбасылық «Шашу» ансамблі Құрманғазының «Адай» күйін орындап, жиналған қауымның рухын көтерді. «Алтын дән» халықтық би ансамблі Гүлсім Бақтыбайқызының жетекшілігімен «Қазақ биін» билеп, көрермен көзайымына айналды. «Калинушки», «Замандастар» Халықтық хор ұжымы екінші әнұран атанған «Атамекенді» орындаған сәтте көрермен орнынан тұрып қошеметін білдірді. Облысымызға танымал бірқатар әншілер патриоттық әндер орындап, Хромтау аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары «Жаңа ғасыр» атты сахналық қойылымымен сән-салтанатты шараны тәмамдады.

Жиналған жұртшылық Республика күнінің қайта оралғанына қуанышты екенін айтып, жас буынға табан астындағы топырақтың қадірін білуді, ел игілігін еселеуде аянбай еңбек етіп, алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге ұмтылуды ерекше айтты.

Толғанай ЕСБОЛСЫН

ПІКІР ЖАЗУ