"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ЖаңалықтарМәдениет

ЖЕЛТОҚСАН ЖАҢҒЫРЫҒЫ: ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫЛДЫ, ЖИНАҚ ТАБЫСТАЛДЫ

Желтоқсан көтерілісінің құрбандарын еске алу мақсатында №7 Хромтау мектеп-гимназиясында іс-шара өтті. Шараға желтоқсан көтерілісіне қатысушылар шақырылды.
Кездесуге мұрындық болған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Әліпбаев оқушыларды қонақтармен таныстырып:

— Бұл шара ел тәуелсіздігіне 32 жыл толу құрметіне жүзеге асырылып отыр. Өскелең ұр пақ, яғни сіздер кеңестік жүйенің тоталитарлық режиміне қарсылық білдіріп, өз талап-тілектерін билікке жеткізу үшін алаңға шыққан желтоқсаншыларды «үлгі етсін, еліміздің патриоты болсын» деген мақсатта аталмыш кездесуді ұйымдастырдық, — деді.

Басқосуда жастар желтоқсан оқиғасы құрбандарының құрметіне қойылым көрсетті. Қойылымдағы Қайрат Рысқұлбековтың сот залындағы соңғы сөздері оқушыларды рухтандырса, желтоқсан оқиғасын көзбен көріп, сол сәтте, сол алаңда бірге бас көтерген боздақтарды есіне салған Зарягүл Табынова мен Ұшқын Әбдімәліковалардың көңілі босады.

Жастармен әңгімелесіп, сұхбат жүргізу барысында Брежнев атындағы орталық алаңда болған оқиғаны сөзбен суреттеп берген қос желтоқсаншы жас ұрпаққа тәуелсіздікті қадір тұтуды, еліміздің көркеюіне бар күш-жігерлерін салуға кеңес берді.

Желтоқсан боздақтарын еске алу жиыны аудандық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған жылжымалы көрмемен жалғасын тапты. Музей басшысы Нұргүл Аманғалиева келушілерге «Желтоқсан» жайында жасақталған экспонаттарды таныстырып, мағынасын түсіндірді.

Басқосу соңында Зарягүл Табынова «Желтоқсан жаңғырығы» атты жинақты таныстырып, аудандық тарихи-өлкетану музейіне сыйға тартты.

Толғанай ЕСБОЛСЫНҚЫЗЫ

ПІКІР ЖАЗУ