"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

САЙЛАУ ЖҮЙЕСІ: ОТЫЗ ЖЫЛДЫҚ БЕЛЕС

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының құрылғанына 30 жыл толуына орай салтанатты шара өтті.

Жиында Хромтау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Хасанов сөз алып, сайлау комиссиясының құрылу тарихымен бөлісті. «1993 жылғы 8 желтоқсан күні Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің «ҚР Орталық сайлау комиссиясын сайлау туралы» қаулысы қабылданды. Міне, аталған датадан бастап әділ, шынайы әрі еркін сайлаулар мен Республикалық референдумдар өткізіп келеміз. Осы уақытқа дейін 7 мәрте Президент сайлауы, 8 мәрте ҚР Парламенті Мәжілісі мен әр деңгейдегі депутаттар сайлауы және 3 мәрте республикалық референдум өткізілді. Сонымен қатар Хромтау ауданы бойынша қала және ауылдық округтер әкімінің сайлауы 14 рет өтті. Келешекте де еліміздің тарихында қалатын саяси маңызды сайлауды жоғары деңгейде өткізуге бар күшімізді саламыз», — деді.

Салтанатты жиында аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов Хромтау аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ұжымын, жиылған жұртты құттықтап, сайлау науқанына дайындық және оны өткізу жұмыстарына үлес қосқан тұлғаларды марапаттады.

«Тәуелсіз еліміздің мәртебесін көтеру және мемлекетіміздің демократиялық принциптерін дамыту жолындағы күш-жігерімізді жұмылдырып, барша азаматқа бірдей мүмкіндік беретін — Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз!», — деді аудан әкімі.

Шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, келген қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ сайлау комиссиясының мүшелері Гүлсайран Жолдыбаева мен Бибатпа Алмағамбетова құттықтау сөзін сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.

Толғанай ЕСБОЛСЫНҚЫЗЫ

ПІКІР ЖАЗУ