"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
ЖаңалықтарМәдениет

ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Жаңа жыл мерекесін хромтаулықтар орталық саябақта мерекелік кешпен қарсы алды. Салтанатты шарада қала тұрғындарын құттықтаған аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов әр саланың «Жыл үздіктерін» де марапаттады. Одан бөлек аудандық мәдениет үйінің  өнерпаздары мерекелік ойындар ұйымдастырды.

– Төрімізге келген жаңа 2024 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Өткен жыл ауданымыз үшін жағымды жаңалыққа толы берекелі жыл болды деп айтуға болады. Мәселен, өткен жылы аудан бойынша 869 сәби дүниеге келді. Диқандарымыз 70 мың тонна астық жинады. Ауданымызда 3 пайызбен жеңілдетілген несие беретін «Өркен» жобасы жүзеге асты. Осындай жоғары көрсеткіштер аудан беделін арттырғаны белгілі. Ендігі мақсат – жаңа жылда одан да биік жүйелі межелерді бағындыру. Бұл жетістіктердің барлығы әрбір хромтаулықтардың қосқан үлесі деп білемін. Сондықтан баршаңызға алғыс білдіремін, – деді аудан басшысы өз құттықтауында.

Жетістіктер бойынша жіктелген тізімде аудан спортының өкілдері айрықша марапатқа бөленді. Оның ішінде бұқаралық спорт түрлерін дамытуға үлес қосқан азаматтар мен жаттықтырушыларға аудан әкімі өз атынан Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табыстады. Жеңіс тұғырынан көрініп жүрген спортшылар да марапатсыз қалмады. Соның ішінде көзге түскен «Жылдың ең үздік жас спортшысы» номинациясын жас шабандоз Шынтас Серікбай иеленді. Еске сала кетейік, Шынтас жасына қарамастан аламан бәйгелердің хас шебері. Өткен жылы Қостанай облысында өткен 20 шақырым құраған аламан бәйгеде жүлделі 2-орынды иеленіп, ішкі чемпионатқа жолдама алған болатын.

Одан бөлек құқық қорғау саласы, дәрігерлер мен ұстаздар, мәдениет саласы мен үздік мемлекеттік қызметкерлер де марапатталды. Жылдың үздік мамандарын анықтау арқылы қорытындылаған кеште мерекелік отшашу ұйымдастырылып, сахналық қойылымдар қойылды. Қоян жылын шығарып салып, Ұлу жылын қарсы алған тұрғындар мерекелік көңіл-күймен тарқасты.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ