"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНА ЖАҢА КӨЛІК ТАБЫСТАЛДЫ

Жаңа жыл қарсаңында аудандық полиция бөлімі жаңа автокөлікпен толықты. Кілттерді табыстау рәсімі Ақтөбе қаласында полиция департаментінің автопаркінде облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өтті. Жаңадан толыққан 32 көліктің басым бөлігі учаскелік полиция инспекторларына берілсе, арнайы санаттағы көліктер аудандық полиция бөлімдеріне бұйырды. Шарада құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы тұрақтылық пен тыныштықтың басты кепілі болған тәртіп сақшыларының ерен еңбектеріне алғыс айтты.

– Полиция өкілдері күнделікті қызметінде азаматтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді және олардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау жүйесі өкілдерін жан-жақты қолдау шараларын қабылдауда. Жергілікті билік органдары да полицияның материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін барлық жағдайды жасап келеді. Автокөлік, видеожетондар, планшеттер мен тағы да басқа қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Бұл шаралар қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге оң әсерін тигізері сөзсіз, – деп атап өтті өңір басшысы.

Қойылған талаптарға сай және қажетті техникалық құралдармен жабдықталған автокөліктер тәртіп сақшыларының жұмысын жүйелі әрі жылдам атқаруға ықпал етеді. Ал аудандық полиция бөліміне тергеу-қамауға алынған адамдарды тасымалдау үшін Газель-Next маркалы автокөлігі берілді. Облыстық полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов аудандардағы бөлімдердің материалдық базасын күшейту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін жеткізді.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА

ПІКІР ЖАЗУ