"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

Құрғақ уәде емес, нақты іс керек

Мемлекет басшысы биылғы халыққа Жолдауында мемлекеттік қызметшілер туралы: «Мемлекеттік қызметшілер кәсіби білікті, озық маман болуға тиіс. Өкінішке қарай, әзірге мұндай деңгейге жеттік деп айту қиын. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеген жөн», деп атап өткен еді. Мамандардың айтуынша, аталған қызметтегі әдепті бұзатын көріністің кең таралған түрі – популизм.

Сурет: astanazan.kz
Сурет: astanazan.kz

«Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақ­станның өзекті міндеттері» атты биылғы Жолдауында Президент мемлекеттік қызметші, ең алдымен, Конституция талаптарын басшылыққа алып, Отанына, халқына адал қызмет етуге тиіс екенін еске салды. Өйткені мемлекеттік қызметшінің міндеті халыққа ұнау мақсатында әдемі сөйлеу емес, қоғамның мәселесін шешіп, нақты нәтижеге қол жеткізу.

Мемлекеттік басқарудағы попу­лизмнің ықтимал салдары халық­ара­лық ғылыми зерттеулерде кеңі­нен қарас­тырылған. Мәселен, мұны Еуропа­лық университет инсти­тутының про­фессоры Майкл Бауэр 2024 жылы жариялаған «Популистік билік жағдайындағы мемлекеттік басқару» еңбегінде: «Кей кездерде қоғамдық сенімді қалыптастыруда кейбір мемлекеттік қызметшілер қоғамға жағымды көрінуге, көпші­лікке ұнайтын мәлімдеме жасауға, орындалуы күмәнді уәделер беруге бейім болуы мүмкін. Бұл мемлекеттік басқару жүйесінде популизмнің көрініс табуы», деп түсіндіреді.

Автор сондай-ақ мұндай саяси тәсілдердің мемлекеттік аппараттың кәсіби дербестігіне, сараптамалық шешім қабылдау мәдениетіне төнді­ре­тін қатерлерін талдайды. Ғалымның пайымдауынша, популизм ұғымы көбіне саяси науқандармен, сай­лауал­ды уәделермен немесе қоғам­ның көңіл күйіне ықпал ететін мәлім­демелермен байланыстырылады. Оның осындай белгілері мемлекеттік басқару саласында да байқалуы ықтимал. Әсіресе мәселенің түпкі себебін анықтап, оны жүйелі түрде шешудің орнына, уақытша әрі көзге көрінетін әрекеттерге басымдық беру осы құбылыстың бір көрінісі саналады. Мұндай жағдайда мемлекет­тік қызметшінің жұмысы нақты көрсет­кіштермен емес, жария мәлімде­мелердің ауқымымен немесе сыртқы белсенділікпен өлшеніп кетуі мүмкін.

Мәселен, белгілі бір өңірдегі әлеуметтік мәселені шешу үшін ұзақмерзімді жоспар, қаржылық есеп, кәсіби сараптама қажет. Бірақ кейде жұртшылыққа тез әсер ететін уәде беріліп, оның орындалу мүмкіндігі мен ресурстық негізі екінші кезекке ысырылады. Нәтижесінде, күткен нәтиже болмаған кезде қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімі әлсірейді.

Қазір халық мемлекеттік қызмет­шілердің іс-әрекетін әлеуметтік желілерден шолып, есесіне олар да істеген ісін интернет кеңістігінде көрсетуге бейім. Бір жағынан қоғам­мен байланыс орнату, атқарылған жұмысты түсіндіру, азаматтарға ақпа­рат беру қазіргі мемлекеттік басқарудың ажырамас бөлігіне айналды. Бірақ сарапшылар ақпараттық белсенділік нақты жұмыстың орнын алмастырмауға тиіс деген пікірде. Өйткені жүздеген жарияланым мәселенің шешілгенін білдірмейді.

Ал Майкл Бауэр мемлекеттік қызметшілердің популизмге бой алдыруына халықтың да ықпалы бар дейді, өйткені қоғам жедел нәтиже күтеді. Ақпараттық кеңістікте оқиғалар жылдам таралып, азаматтар мемлекеттік органдардан мәселеге дереу жауап беруді талап етеді. Алайда мәселенің шешілуі біршама уақыт алатындықтан, жедел түрде жауап беру мүмкін емес. Сондықтан кей кезде халықтың талап-тілегіне жедел тіл қатуға тырысып, белгілі бір салаға жауапты мемлекеттік қызметшінің тарапынан іс жүзінде орындалу не орындалмай қалуы ықтимал жауаптар болуы мүмкін деп пайымдайды ғалым. Сондықтан мемлекеттік қызметшінің кәсіби мәдениеті ең алдымен шынайы ақпарат беруден басталуы керек.

«Қандай да бір жобаның мерзімі ұзақ болса, оның себебін ашық түсіндіру қажет. Қаржы жеткіліксіз болса, оны жасырудың орнына нақты есеп ұсынған жөн. Ал белгіленген міндеттемені орындау мүмкін болмаса, қоғам алдында жауапкершілікті мо­йындау – басқару мәдениетінің маңызды белгісі», деп көрсетеді еңбегінде ғалым.

Тағы бір халықаралық тәжірибеге зер салсақ, Италияның 8 мыңнан астам муниципалитетін қамтыған зерттеу мәселенің экономикалық, кадрлық қырын ашып көрсетеді. Лука Беллоди, Массимо Морелли мен Матиа Ваннони есімді зерттеушілердің 2024 жылы «American Journal of Political Science» журналында жарияланған «A Costly Commitment: Populism, Economic Performance, and the Quality of Bureaucracy» еңбегінде популист әкім­дер­­дің сайлануы жергілікті басқару сапа­сы­на қалай әсер ететіні зерделенген. 1998-2020 жылдардағы деректерді талдау нәтижесінде зерттеушілер мұндай муни­ци­палитеттерде мемлекеттік сатып алу келісімшарттары бойынша шығын­дардың артуы, жоғары лауазымды қыз­меткерлердің мәжбүрлі түрде ауысуы мен жоғары білікті мамандар үлесінің төмендеуі сияқты өзгерістерді анықтаған.

Әрине, Италиядағы жергілікті бас­қару тәжірибесін еліміздің мемле­кет­­тік қызмет жүйесімен тікелей теңестіру­ге болмас. Алайда бұл зерттеулер мем­л­е­кет­тік басқаруда саяси ұпай жинау, есеп беру, цифр­ларды сөйлету секіл­ді әре­кеттер жауапкершіліктен жоға­ры қо­йылса, оның салдары бүкіл бас­қару жү­йесіне әсер етуі мүмкін екенін көрсетеді.