"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

ЗАҢҒА ҚҰРМЕТ — ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ

Ұ.Құлымбетов атындағы №64 орта мектепте «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы, «Жасөспірім және заң» мектепішілік профилактикалық онкүндігіне орай «Заңды құрметте — болашағыңды қорға!» тақырыбында диалогтік алаң ұйымдастырылды.

Іс-шараға облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Азамат Қияшев, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Кездесу барысында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес, кәмелетке толмағандардың заң алдындағы жауапкершілігі туралы маңызды мәселелер айтылды.
— Жыл басынан бері құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған 26 акция өтті. 73 жарнамалық есірткі граффитиі өшірілді. Есірткі граффитилерімен ғана шектелмей, жол бойында орналастырылған QR-кодтарға да жіті назар аударамыз. Бұрын тәжірибемізде осы арнайы кодтар арқылы жастарды қылмыстық жауапкершілікке итермелейтін оқиғаларды дер кезінде анықтадық. Кейде жастар болмашы жарнамаға сеніп, алданып жатады. Профилактикалық шаралар барысында 520 келі есірткі тәркіленді. Есірткі тасымалдаудың арты жақсылыққа әкелмейтінін жастарға ұғындыруымыз керек. Қылмыстық жауапкершілікке тап болмау үшін оқушыларды әрдайым салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға шақырамын, — дейді Азамат Қияшев.
Бүгінде Ұ.Құлымбетов атындағы №64 орта мектепте 1 624 оқушы білім алып жатыр. Мұнда психолог, әлеуметтік педагогтар түрлі тренинг, семинарлар өткізіп, жасөспірімдерге кез келген шешімді саналы түрде қабылдаудың және өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қараудың маңызын түсіндіреді.
Кезекті шара барысында интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік, әлеуметтік желілер арқылы жасалатын құқықбұзушылықтар, күмәнді ұсыныстар мен заңсыз әрекеттерге араласудың салдары жөнінде нақты мысалдар арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кездесуге жиналғандар құқық қорғау саласының өкілдеріне сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.