"Хромтау" аудандық қоғамдық-саяси газет
Жаңалықтар

КӨКТЕМГІ НАУҚАНҒА НЫҚ ҚАДАМ

Қазір еңбек адамы үшін ең қызу да жауапты кезең. Биыл ауданымызда көктемгі дала жұмыстары ерте басталып, шаруалар уақытты тиімді пайдаланып қалуға кіріскен. Осы орайда біз аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қойшыбай Рсалиннен науқан барысын сұрап білген едік.

Егіс көлемі ұлғаяды

— Биыл аудан бойынша 120 мың гектар егіс алқабына ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі біршама ұлғайып, әсіресе дәнді, майлы және бұршақ дақылдарына басымдық берілмек. Мәселен, дәнді дақылдар көлемі 61 600 гектарға жетіп, 3911 гектарға артты. Оның ішінде күзгі дақылдар 3700 гектарға дейін ұлғайса, бұршақ дақылдары 1000 гектарды құрап отыр. Сондай-ақ осы жылы майлы дақылдардың көлемі 18 800 гектарға жеткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3633 гектарға көп, — дейді бөлім басшысы.
Маманның айтуынша, мұндай өзгерістер егіс алқаптарын әртараптандыру және құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту мақсатында қолға алынған. Жалпы алғанда, майлы және бұршақ дақылдарының көлемі 7033 гектарға ұлғайып отыр.
Биыл көктемнің ерте келуі де шаруаларға қолайлы болып тұр. Соған байланысты ылғал жабу жұмыстары сәуір айының алғашқы онкүндігінде басталмақ. Қазіргі таңда Дөң ауылдық округіндегі «Данияр» шаруа қожалығы егіс жұмыстарын бастап та кеткен.
— Егіс науқанына дайындық былтырдан жүйелі жүргізілді. 2025 жылы жайылымдық жерлерді егістікке ауыстыру арқылы егіс көлемі 2740 гектарға ұлғайды. Сонымен қатар 25 327 гектар сүр жер, 24 900 гектар сүдігер дайындалды, — дейді Қойшыбай Рсалин.
Тұқыммен қамту мәселесі де толық шешімін тапқан. Қазіргі таңда аудан бойынша 6310 тонна тұқым дайындалып, бұл қажеттіліктің 101,2 пайызын құрап отыр. Оның ішінде дәнді дақылдар — 5795 тонна, мал азығы — 155 тонна, майлы дақылдар — 260 тонна және картоп — 100 тонна.

Сапалы тұқым — мол өнім негізі

— Биыл егіске жоғары репродукциялы тұқымдар себілмек. Мәселен, «Данияр» шаруашылығы 900 тонна бірінші репродукциялы бидай тұқымын сатып алса, «Ғалым» шаруашылығы Ресейден 300 тонна бидай тұқымын алуға келісімшарт жасасты. Егін орағы кезінде жиналған өнімнің сапасын айқындау мақсатында жалпы көлемі 8084 тонна тұқым «Казагроэкс» серіктестігіне сараптамаға жолданған болатын. Мақсат — болашақ егіс науқанына сапалы әрі сұрыпталған тұқым қорын қалыптастыру еді. Өйткені сапалы тұқым — мол өнімнің негізі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда, — дейді бөлім басшысы.

Дәнсепкіштер әзір тұр

Қойшыбай Рсалиннің айтуынша, материалдық-техникалық қамтамасыз ету де көңіл көншітеді. Көктемгі дала жұмыстарына аудан бойынша 540 техника жұмылдырылмақ. Қазіргі таңда олардың дайындығы 95 пайызды құрайды. Атап айтқанда, 256 трактор, 159 дәнсепкіш, 28 егіс кешені және 97 жер өңдеу техникасы әзір тұр.
Жанар-жағармай мәселесі де шешімін тапқан. Бүгінгі таңда аудандағы елуге тарта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан 1369,3 тонна дизель отынына өтінім беріліп, жеткізуші ретінде «АЗС-Лидер» ЖШС анықталған. Бағасы нарықтан 15 пайызға дейін арзан. — Бұл шаруалар үшін үлкен қолдау. Себебі көктемгі науқанда жанар-жағармайдың қолжетімді болуы — жұмыстың уақтылы әрі сапалы атқарылуына тікелей әсер етеді, — дейді ол.
Сонымен қатар көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында 7 шаруашылық жалпы сомасы 1,3 миллиард теңгеден астам несие алуға өтінім берген.
— Ауданымызда көктемгі егіс науқаны ұйымдасқан түрде өтуде. Шаруалар уақыттың әр сәтін тиімді пайдаланып, мол өнім алуға бар күш-жігерлерін салып жатыр. Биылғы науқанның нәтижесі де көңіл қуантады деген сенім мол, — деп түйіндеді сөзін Қойшыбай Рсалин.

Ләззат ӘБДІРОВА.